Шымкентте орта азиядағы ең биік айналаны шолу аттракционы ашылды
Шымкенттіктер көптен күткен «Жайлаукөл» саябағы жаңа кейіпке еніп, осы аптада пайдалануға берілді. Саябақтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және әкім орынбасарлары мен мәслихат депутаттары қатысты. Бұл туралы , ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Жайлаукөлдің» төрінде орнатылған сахнада «Оңтүстік цирктің» жастары саябақ қонақтарымен түрлі ойындар ойнап, әрбір қатысушыға сыйлық тарту етті. Қала тұрғындары әуені кернеген әсем әнге елітіп, саябақтағы 22 түрлі аттракциондарда сауық-сайран құрса, енді бірі қайықпен суда серуендеді.
Қала тұрғындарының күткені ТМД елдерінде биіктігі жағынан үшінші орынды алатын, ал Орта Азия бойынша ең биік аттракцион еді. «Shymkent Altyn eye» («Шымкенттің алтын көзі») айналаны шолу дөңгелегінің 50 метрлік биігінен қаланы тамашалау үшін кезекке тұрғандардың санында шек жоқ. 18 кабинасы жазда салқындататын, қыста жылытатын жүйемен жабдықталған, 1 кабинаның сыйымдылығы 6 адам. Әуе кеңістігінде 15 минут айналады. Аталмыш аттракционды толық зерттеп, Мәскеуден алып келу жұмыстарының басы-қасында жүрген кәсіпкер Ордаман Әшірбаев болса, бұл жобаның жүзеге асуына облыс пен қала басшылары ықпал етті.
«Жайлаукөл» саябағы үзіліссіз аптаның әр күні таңғы сағат 10.00-ден түнгі 23.00-ге дейін ашық болады. Бағалары халықтың қалтасына салмақ салмайды, бір адамға 500 теңге. Бұдан өзге, мұнда «Кенгру», «Қызықты паравоз», «Шытырман айна», «Сегізаяқ», «Су шары», «Әуе велосипеді», «Жасанды тау шатқалы», «Катамаран» сынды көптеген ойын аттракциондары саябақ қонақтарына қызмет көрсетуге дайын.