Қарулы Күштердің командасы көкпардан алғашқы жеңіске қол жеткізді
Осы жылы ҚР Қарулы Күштерінде алғаш рет ұлттық спорт түрі - көкпардан команда құрылған болатын. Команда үш матчты өткізіп те үлгерді. Қарағанды облысының құрамасына қарсы достастық матчтың алғашқы ойынында құрамамыз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бүгінгі таңда команда қыркүйектің 8-і мен 10-ы аралығында Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өтетін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Астана жұлдызы» республикалық турниріне жоспарлы дайындықтан өтіп жатыр. Бұл туралы zakon.kz, ҚР Қорғаныс Министрлігінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Алдағы турнирге дайындалу барысында біз күніне екі рет жаттығып жүрміз. Таңертең сайысқа қатысатын негізгі жылқыда шабамыз. Кешкі жаттығуда біз өзіміздің ойын машығымызды шыңдаймыз», - деді АОСК спорттық рота қызметінің мерзімді қызметтегі сарбазы Данияр Галлинуров. Тамыз айының соңында көкпардан Қарулы Күштердің құрамасы ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық Спартакиадаға қатысты. Жарысқа Қарағанды облысы, Софиевка және Аршалы ауданының құрама командалары қатысты. Сайыс қорытындысы бойынша Қарулы Күштердің құрамасы шешуші кезеңде Қарағанды облысының құрамасынан оза шауып, Спартакиаданың жеңімпазы атанды.
«Командамыз үшін бұл қыркүйектің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін «Астана жұлдызы» республикалық турнирі алдында психологиялық тұрғыдағы маңызды жеңіс болды. Алдағы тартысты бәсекелерге жоспарлы дайындалуды жалғастырып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз», - деді команда капитаны Азамат Хасенов. Мұндай спорт түрінің енгізілуі мен көкпардан штаттық команданың құрылуы бұл спорт түрінде араларында мерзімді қызметтегі сарбаздар бар армиялық спортшыларға сайыстарға қатысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге, кәсіби мамандарды дайындауға да септігін тигізетінін айта кетейік. Себебі, қазақстандық армияда таулы жағдайларда жауынгерлік арнайы операцияларға қатысу үшін арналған жекелеген бөлімше – жекелеген таулы-егерьлік полк бар.
Фото: www.mod.gov.kz