ОҚО-да жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті
Облыс әкімдігінде ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың төрағалығымен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Кеңестің мақсаты - облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, сонымен қатар облыс жастарының проблемаларын шешу жолдарының тиімді механизмдерін талқылап қана қоймай, нақты жүзеге асыру болып табылады.
Жиын барысында идеология бойынша аудан, қала әкім орынбасарларының мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы бойынша есептері тыңдалды. Сондай-ақ, басқосуда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Б.Жанәбіл «Облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы» туралы және аудан, қала әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестердің жұмысы туралы баяндама жасады.
Кеңесте жастар тарапынан қордаланып жүрген мәселелер мен жастардың көкейлерінде жүрген сауалдар қойылды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді тәсілдерін нығайту мақсатында кеңес мүшелерінің ұсыныстары айтылды.
Мемлекеттік жастар саясатының дәстүрлі әлеуметтік саясаттан айырмасы ол тек өтелу тетіктерін әзірлеумен ғана шектелмейді. Ол жастардың еңбек пен шығармашылық қуатын айқындайтын белсенді де жаңаша, өндірушілік аспектілерден тұрады. Бұл мемлекеттік жастар саясатын қоғамның стратегиялық ресурстарын дамытудағы бірден-бір маңызды бағыт ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық өзгерістердің күрделілігі жас азаматтардың әлеуметтік жағынан жан-жақты қалыптасуына, жас қауым тіршілігінің барлық қалтарысына әсерін тигізді. Дәстүрлі жастар мәселелерін шешудің мазмұны мен тәрбие тәсілдері жаңа тарихи жағдайларда мүлде өзге қырынан қарастырылуға тиіс болғандықтан түбегейлі өзгерді. Қазақстандық жас буын бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттер қалыптастырмай, жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, сондай-ақ өткен буынның әлеуметтік- мәдени тәжірибесін, элем өркениеті жетістіктерін игеруіне жол ашпай әлеуметтік ұстанымдағы экономикасы бар демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Мұндай мақсаттарды жүзеге асыру жастарға, жалпы қоғамға қатысты саясатгы қалыптастыру мен жүзеге асыру ісіне жастардың өздерін белсенді түрде тартуды көздейді. Мемлекет жастарға, олардың материалдық деңгейі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өмір жолын таңдау мен жеке жетістіктерге жету үшін мейлінше мол мүмкіндіктер ашуға тиіс. Сонда ғана жастар саясатының өзекті міндеті - жастардың тұлғалық қалыптасуын қамтамасыз етуі іске асатын болады.
Фото: ontustik.gov.kz