Шымкентте жолдардың ұзындығы 500 шақырымға өсті
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы қала тұрғындары үшін ең маңызды саланың бірі болып табылады. Сондықтан да аталған салаға жергілікті билік аса үлкен мән беретіні заңды. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Мәселен, қаржыландыру бағдарламасы бойынша тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөліміне биыл 6,5 млрд тг. жуық қаржы бөлінді. Бұл дегеніміз бөлінген бюджет көлемі өткен жылғымен салыстырғанда 1,2 млрд теңгеге өскен. Ал көлік инфрақұрылымын дамытуға қала қазынасы бұл жылы 13,3 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырып, былтырғымен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге артық бөлген. Осыған байланысты, шаһардың әкімшілік іскерлік орталығындағы жолдардың ұзындығы 2331 шақырымнан 2810 шақырымға өсті.
Мұнан бөлек, 2016 жылы жергілікті бюджет есебінен шаһардағы 21 көше мен 6 саябақ және 30 шақты аллея мен аяқжолдарға түнгі шамдар қойылып, жарықтандырылған. Жалпы, осы жұмыстарға 30 мыңға жуық жарық шырақтары орнатылған. Айта кету керек, осы жылдың қазан айына дейін Шымкенттегі 24 көше мен 689 ауласы толыққанды жарықтандырылып, 4 көшені қайта құру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл қажеттіліктер үшін жергілікті қазынадан 455,7 млн. теңге қаржы бөлінген.
Әсіресе, шаһардағы жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған жолдардың құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Биыл қалалық бюджеттен көлемі 40 мың шаршы шақырым болатын аяқжолдар мен велосипед жолдарын салуға 353 млн. теңге қаржы қаралған.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, көп қабатты үйлердің ауласында қоқыс алаңдарын салып, жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аулаларды абаттандыруға көңіл бөлінген осы жылдың соңына дейін 70-тен астам ауланы ретке келтіру көзделуде. Нәтижесінде, жолдар қайта реттеліп, аяқжолдар құрылысы жүргізілмек. Қоршаулар салынып, дүңгіршектер мен ойын алаңдары салынады. Бұл үшін қала қазынасы 1,1 млрд. теңге қарастырып отыр. Айта кету керек, былтыр бұл жұмыстар үшін қаржы қаралмаған еді. Ал қаладағы көп қабатты үй аулалары соңғы рет 2014 жылы жөндеу көрген болатын.
Фото: ontustik.gov.kz