Созақтан 1200 бас қаракөл қойы Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталды
Облыс әкімі Б. Атамқұлов Созақ ауданында болған сапарында қаракөл қойын өсiруге баса көңіл бөлу керек деген болатын. Осыған байланысты, бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған теріскейліктердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық - «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады.
Тамыз айында «Қара құр» өндірістік кооперативі 1238 бас қаракөл тоқтысын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарып, тиімді бағада сатты. Шетелдіктердің қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив жетекшісі жыл соңына дейін тағы да бірқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлап отқанын айтады.
Жуырда Созақ кәсіпкерлерімен кездескен аудан әкімі М. Исаев мал етін өндіруші агроқұрылым басшыларына шетелге мал етін экспортқа шығаруға зор мүмкіндік туып тұрғанын айтып, осы бағыттағы жұмысты жандандыруға шақырды.
Фото: ontustik.gov.kz