Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері мен қойылатын біліктілік талаптары туралы
Zakon.kz
Судьялыққа кандидаттардың соттарда тағылымдамадан өту тәртібі өзгертілді, сонымен қатар, тұңғыш рет полиграфологиялық зерттеуден өту институты енгізілген.
Кәсіби судьялармен жедел және әділетті сот төрелігін жүзеге асырылуы - қоғамның және шетелдік инвесторлардың сотқа деген сенімін арттырудың басты құралдары болып табылады. Сол себепті Елбасы судьялардың тәуелсіздігінің кепілдігін арттыру мен сот жүйесін жетілдіру мәселелеріне тұрақты түрде көңіл бөліп келеді.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2016 жылдан бастап, «Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізілді, сонымен қатар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді, деп жазады zakon.kz Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы З.Кейкібасова берген ақпаратқа сілтеме жасап.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 17-қадамында судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту көзделген.
Бұл кәсіби емес, тәжірибесі жоқ және кездейсоқ адамдардың судьялар қатарына өтуін болдырмау мақсатында көзделген шаралар.
Заңның жаңа талаптарына сай судьялыққа кандидаттардың жасы жиырма беске толуы керек, сонымен қатар жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты (көмекшісі), прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде он жыл жұмыс өтілі болуы керек.
Кандидаттарға қойылатын талаптардың жоғарылатуымен қатар, оларды дайындау тәртібі де қатаңдатылған.
Атап айтқанда, судья лауазымына конкурсқа қатысу үшін кандидат Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы біліктілік комиссиясына емтихан тапсыруы қажет және тұрғылықты жері бойынша соттарда тағылымдамадан өтуі керек. Ал, Сот төрелігі академиясының мамандандырылған магистратурасында оқитын тұлғалар, емтихан тапсырады және екі жылға созылатын оқу барысында тағылымдамадан өтеді.
Сонымен қатар біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі өзгертіліп, қазіргі таңда ол үш кезеңді қамтиды:
1. Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және оны практикада қолдану қабілетін компьютерлік тестілеу;
2. Үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты жағдайларды бейнелейтін емтихан билеттері бойынша тексеру;
3. Психологиялық тестілеу. Бұл тестті тапсырған кезде кандидаттың стрестік жағдайларға қарсы тұра алатыны және оның адамдармен жұмыс істеу қабілеті тексеріледі.
Сонымен қатар, біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидаттарға қосымша ақпарат алу және беріліп отырған мәліметтердің анықтығын тексеру мақсатында, тұңғыш рет полиграфологиялық зерттеуден өту институты енгізілген.
Зерттеу өткізудің негізгі міндеті:
1) құқыққа қарсы ниеттерді;
2) мінез-құлықтың жасырын бұзылуын, жағымсыз тәуелділіктерді, есірткі, психотроптық заттар және психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психикаға белсенді әсер ететін заттар тұтынуды;
3) сауалнамалық деректер, кірістері, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтер жасыруды немесе бұрмалауды, қос азаматтығының болуын, жалған құжаттар пайдалануды;
4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау, құпия немесе қызметтік ақпаратты бөгде адамдарға беру фактілерінің бұрын болуын;
5) тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен байланыс жасауды немесе егер бұрын олардың лауазымдық міндеттеріне кірмеген болса, коммерциялық құрылымдарға қатысуды;
6) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануды анықтау болып табылады.
Полиграфологиялық зерттеудің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
Судьялыққа кандидаттардың соттарда тағылымдамадан өту тәртібі де өзгертілді. Бұрын кандидат тағылымдамадан негізгі жұмыс орнынан қол үзбей өтетін еді, бұл өз кезегінде тағылымдаманың сапасына әсер ететін. Ал, қазіргі таңда кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады және ол үшін оған ақы төленеді.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдар туралы ақпаратты өтініштер қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ тиісті облыстық соттың интернет-ресурсында жариялайды.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берген адамның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін сипаттайтын мәліметтер келіп түскен кезде оларға тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері тағылымдама өтуге рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде және жалпы отырыста тағылымдама қорытындысы қаралған кезде ескеріледі.
Тағылымдама мен емтиханнан өту тәртібін қатаңдатумен қатар олардың нәтижесінің жарамдылық мерзімі 5 жылдан 4 жылға дейін қысқартылған.
Конкурсқа қатысу үшін кандидаттар емтихан мен тағылымдамадан өткеннен бөлек, судья лауазымына кандидаттардың моральдық-адамгершілік қасиеттерін бағалау үшін әрбір облыстық сот жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган – Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қорытындысын алуы керек. Бұл кеңестің құрамына қоғамның өкілдері кіреді.
Осылайша, судьяларды іріктеу күрделі, көп кезеңді процедура болып табылады және бұл процедураны судьялық лауазымға ең лайықтылары ғана өте алады.
Сонымен қатар, сот жюриінің біліктілік комиссиясы судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілігінің өсуін бағалау және ынталандыру, істерді қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауапкершілігін арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүдделерін қорғау мақсатында жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметін бағалауды жүргізеді.
Судьяның кәсіби қызметін бағалау судья лауазымындағы жұмысының бір жылдағы нәтижелері бойынша бірінші рет жүргізіледі. Кейіннен судьяның кәсіби қызметін бағалау әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ жоғары тұрған сатыдағы судья лауазымына, сот төрағасының, сот алқасы төрағасының лауазымдарына конкурсқа қатысу кезінде жүргізіледі.
Жиырма және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.
Бағалау кезінде судьяның сот төрелігін іске асыру сапасының көрсеткіштері қаралады және судья әдебі нормаларын сақтағаны тексеріледі.
Лауазымға тағайындалған күннен бастап бір жылдың қорытындысы бойынша судьяның кәсіби қызметін қанағаттанарлықсыз деп бағалау туралы біліктілік комиссиясының шешімі Жоғарғы Сот Төрағасының судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсынуды Жоғары Сот Кеңесіне енгізуіне негіз болып табылады.
Судья лауазымына кандидаттарға талаптың күшейтілуі судьялар корпусын кәсіби дайындалған және аса білімді мамандардан құруға мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде азаматтардың конституциялық құқықтарын сотпен қорғанудың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
Фото: kob.su
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript