Биыл Лебяжі ауданында 19 жас фермер шаруа қожалыққа орналасқан
Zakon.kz
Салтанатты жиын барысында қажырлы еңбегінің арқасында көзге түскен ауданның бірқатар азаматтары түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
Биыл Лебяжі аудандық № 14 аграрлық-техникалық колледжін фермерлік шаруашылық мамандығы бойынша бітірген 19 студент ауданның шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы аудандық мәдениет үйінде Еңбек күніне орай өткен форум барысында арнайы оқу орнының директоры Жайық Таласбай мәлім етті.
- Өз болашағын ауыл шаруашлығы саласымен байланыстырып, ауылдың гүлденуіне үлес қосуға бел буған жастар № 14 аграрлық-техникалық колледжде 2 жыл 10 ай білім алады. Бүгінде оқу орнына дуальді оқыту жүйесі қолға алынған. Жастар ауданның «Рассвет», «Сапа», Жұмабек» сынды шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтеді. Біз өз түлектеріміздің туған өлкесінде сұранысқа ие білікті маман болғанын қалаймыз, - деді Жайық Таласбай.
Сондай-ақ, форумға жиналған жұртшылықты аудан әкімінің орынбасары Алма Қасымова құттықтады.
- Әрбір азаматтың кәсіби, адал әрі үлкен жауапкершілікпен атқарған еңбегі еліміздің алға қойған ауқымды бағдарламаларының алғыршарты. Еліміз «Қазақстан 2050» стратегиясының негізгі тұғыры – Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру жолында сеніммен алға басып келеді. Мақсат - жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулеттерінің көп жылғы дәстүрлерін нығайту болып табылады, - деді ол.
Салтанатты жиын барысында қажырлы еңбегінің арқасында көзге түскен ауданның бірқатар азаматтары түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Олардың ішінде «Үздік жас жұмыскер» аталымында «Дәурен» ШҚ-ның жұмыскері Ерболат Жүнісов, «Үздік кәсіби маман» аталымында «Ардақ» ШҚ-нан Елеусіз Нұрғожин және «Үздік тәлімгер» аталымы бойынша Лебяжі аудандық № 14 аграрлық-техникалық колледждің оқытушысы Жайық Таласбайға алғыс хаттар табыс етілді.
Гүлсім Қобжанова
Фото: Рavlodarnews.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript