Шымкентте ТМД-да теңдесі жоқ мемлекеттік қызмет көрсету орталығы ашылды
Zakon.kz
Бүгін өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласында жаңа «Front office» мемлекеттік қызмет көрсету орталығы ашылды. Ғимараттың ашылу рәсіміне қала әкімі Ғ.Әбдірахымов пен депутаттар қатысты.
Тұңғыш рет Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан ашылған «фронт-кеңсе» ТМД-дағы теңдесі жоқ жоба болып табылады. Мұнда қалалық әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлық түрін бір жерден "Бір терезе" жүйесі арқылы ұсынады. Сала жауаптыларының айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсетудің бұл түрі бизнес жүйесінің өкілдеріне сенім береді дейді. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Орталықтың ішін аралап, жұмысымен танысқан облыс әкімі «фронт-офис» қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.
«Front office» құру идеясы - жақсы бастама. Енді орталықты халыққа кеңінен таныстырып, насихат жұмыстарын қолға алуымыз керек. Сонымен бірге, облысқа қарасты барлық аудан, қала әкімдіктерінің мамандары осында келіп үйреніп, тәжірибе алмасуы қажет. Осылайша, толықтай ашықтықта жұмыс істеп, халыққа қызмет жасауымыз керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өз кезегінде, сөз алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов аталған қызмет көрсету жобасының смартфондарға арналған қосымшасын дайындау мәселесі қолға алынып жатқанын, яғни, халыққа мейлінше, ыңғайлы болу жағы ойластырылып жатқанын жеткізді.
Айта кету керек, «фронт-офис» жүйесінің артықшылығы сол, ең алдымен, өтініш иесінің құжаттарын қабылдау кезінде оған арнайы бақылау коды беріледі. Тіркеуге алынған құжат штрих код арқылы әкімдіктің тиісті бөліміне жөнелтіледі. Өтініш қысқа мерзімде қаралған соң жауабы "Фронт-офиске" бағытталып, тұрғындарға беріледі немесе өтініш иесінің электронды мекен-жайына жіберіледі. Сондай-ақ өтініш иелері бақылау коды арқылы өтініштің қаралу барысы жөнінде мәлімет алуға мүмкіндігі бар.
Ол үшін "shymkent.gov.kz/frontoffice" сайтына кіру арқылы немесе байланыс орталығының 545-545 телефонына қоңырау шалу арқылы ақпарат алуға болады. Бұл бір сөзбен, ыңғайлы, жылдам әрі заман талабына сай қызмет түрі болып саналады.
"Фронт-офистің" қызметіне жүгіну арқылы кез-келген тұрғын өз уақытын үнемдеуіне болады. Қуантарлығы, бұл электронды жоба бюрократиялық қағазбастылықтан құтылу, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының санын азайту, билік органдары мен халықтың арасындағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа кеңседе 25-26 маман еңбек етіп, 400-ден астам мемлекеттік қызмет түрін көрсететін болады деп жоспарланып отыр. Барлық өтініш, сұрақтарға ҚР Заңнамасында белгіленген мерзімде жауап берілетін болады.
Фото: ontustik.gov.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript