Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу міндеті
Zakon.kz
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинар сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып,мемлекетіміздің гендерлік саясатын насихаттау жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Бұл туралы zakon.kz Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы А.Е.Еламанованың берген мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Бұған Елбасымыздың өзі тереңірек мән беріп, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді...» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Әрбір әйел-ана отбасының ұйытқысы. Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы ҚР Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығында «отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны көрсетілген.
Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған айғақ отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттергеқатысты істер санының азаймауы. Ағымдағы жылдың 9 айында Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққақарсы әрекеттерге қатысты 598 әкімшілік іс қаралған, оның шамамен 80 пайызы әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық.
270 тұлғаға әртүрлі әкімшілік жазалар қолданылған. Ал, 379 іс қысқартылған, оның негізгі бөлігі әкімшілік іс бойынша іске тартылушы тұлға жәбірленуші жақпен бітімгершілікке келуіне байланысты әкімшілік жауаптылықтан босатылған. Жаратылысынан жүрегі кең қазақ әйелі төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайларда қазақ әйеліне тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады. Осыны пайдаланған кейбір пасық жандар отбасындағы теріс іс-әрекеттерін жалғастырып келеді. Ондайларға сот қаулысымен Қазақстан Республикасының 04.12.2009 жылғы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» Заңын басшылыққа алып құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Аталған құқық бұзушылықтардың алдын-алуда, олармен күресуде учаскелік полиция қызметкерлерінің атқаратын ролі ерекше. Тәуліктің кез-келген уақытында түскен хабарлама бойынша құқық бұзушылық орын алған жерге барып жететін де солар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинар сабақтар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып,мемлекетіміздің гендерлік саясатын насихаттау жұмыстарын жүргізуде.
Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан азаматтарымыз ар-ождан бостандығымен қамтамасыз етілуі тиіс. Елбасымыз айтқандай өз бетімен дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін қандай да бір іс-әрекетке қарсы тұратын уақыт жетті.
Фото: Қазақстан-ZAMAN
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript