Көлік жуу орындарында суды үнемдеу идеясын ұсынған студент 100 мың теңге ұтып алды
Zakon.kz
Студент ауыл тұрғындары үшін тиімді көлік жуу орындарын ұйымдастыру идеясын ұсынған.
Павлодарда С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің энергетика факультетінің студенті Әлия Бояндинова ауылдық желердегі суды үнемдеу мақсатында көлік жуу орындарын ұйымдастыру идеясын ұсынғаны үшін 100 мың теңге ұтып алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
ПМУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында «Жасыл экономика үлгісіне өту үшін Қазақстанды қолдау» атты Біріккен ұлттар ұйымының бірлескен гранттық бағдарламасы шеңберінде «Жасыл» жобалар жастар республикалық байқауы өткен. Аталмыш ғылыми байқаудың тақырыбына ауылдық жерлерде суды үнемдейтін технологияларды енгізу мәселелері арқау болған. Байқауда Павлодардың бір топ студенті Астана қаласына барып, өздерінің жаңа экологиялық жобаларын қорғап қайтыпты. Солардың қатарында Әлия Бояндинова да бар.
Ол ауыл тұрғындары үшін тиімді көлік жуу орындарын ұйымдастыру идеясын ұсынған. Тапқыр студенттер кеше университеттің жылу энергетика кафедрасында «Өндірістегі және тұрмыстағы су үнемдеу» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде су тазарту құрылғыларының инновациялық жобалары тақырыбында жаңа деректер келтіріп, өндірістегі суды үнемдеу жолдары туралы өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оларға оқу орны тарапынан арнайы сертификаттар үлестірілді.
- Осы жобаны ойлап табу үшін 2-3 айдай уақыт жұмыс істедім. Пластикалық материалдардан макеті жасалды. Енді оны ауылда іске асыру үшін шамамен 5 млн. теңге көлемінде қаражат қажет болады. Қызмет көрсету орнының бір күнде 4-5, ал бір аптаның ішінде 20-дай көлік жууға мүмкіндігі бар. Бұл ауыл тұрғындары үшін өте тиімді жоба. Өйткені, қазіргі көлік жуу орындарымен салыстырғанда мұнда суды 40 пайызға дейін үнемдеуге болады, - дейді Әлия Бояндинова.
Авторы: Тілеуберді Сахаба
Фото: Рavlodarnews.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript