ОҚО әкімі Түлкібас ауданының тыныс-тіршілігімен танысты
Zakon.kz
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жөнінде жергілікті билікке бірқатар міндеттемелер жүктеді.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 110 мыңнан астам халқы бар Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барды. Әкім бастаған жұмысшытоп алдымен Арыс ауылдық округіндегі бекіре тұқымдас балық өсіру шаруашылығы мен ат спорты мектебінің жұмысымен танысты. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Республикамызда сирек кездесетін бекіре тұқымдас балық өсіру фермасы 2012 жылы өңірлік индустриалды карта шеңберінде іске қосылған. Жобаны іске асырушы – «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС.
Кәсіпорын жұмысымен таныстырған Ерік Оспанов жобаның құны 452 млн. теңгені құрағанын айтып, бүгінде жылына 40 тонна балық еті мен 30 келі қара уылдырық өнімін өндіріп жатқанын мәлімдеді.
Балық шараушылығын кәсіпкерлерге кеңінен насихаттау қажеттігін айтқан облыс әкімі осындай балық фермаларын көршілес Төлеби, Сарыағаш сынды аудандарында да дамытуды тапсырды.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС қарасты ат спорты мектебін аралады. Екі жыл бұрын ашылған ат спорты мектебінде 24 асыл тұқымды жылқы бар. Жобаның жалпы құны 10 млн. 500 мың теңге. Арыс ауылдық округінде ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесіне қатысқан әкім жергілікті еңбекшілермен кездесіп, ой бөлісті. Ауыл шаруашылығы саласына субсидия бөлінетінін де атап өтті.
Осы күні Ж.Түймебаев Т.Рысқұлов ауылы, «Жанкент» мөлтек ауданындағы 600 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысып, білім ұясының маңына алғашқы көшетті отырғызды. Облыстық бюджет есебінен салынған 3 қабатты мектепте оқушыларға барлық жағдай жасалған. Одан кейін өңір басшысы аталған шағын ауданындағы жаңадан салынған 64 және 32 пәтерлі тұрғын үйді аралап көрді.
Бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, атқарылған жұмыстарды көрген облыс әкімі аудан активімен кездесті. Жиында Түлкібас ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Бүгінде ауданның жалпы өңірлік көлемі 40,8 млрд. теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында да жұмыс бар. Дегенмен, облыс әкімі Түлкібас ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор екеніне тоқталып, өз потенциалын толық пайдаланбай отырғанын айтты.
«2016 жылғы 1 қарашаға Түлкібас ауданы бойынша 155,4 млн. теңге қаржы игерілмеген. Ал өнеркәсібі өнімінің жалпы көлемінде Түлкібас ауданының үлесі 2,1% құрады, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 0,9 пайызға төмендеген. Аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктің саны 6 186 бірлік болса, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,8% төмендеген. Инвестиция тарту бойынша да 14 орында тұрсыздар. Ал тоқтап тұрған «ЭкоПрдуктГрупп» кәсіпорынын іске қосу және бос тұрған «Sana» ЖШС кәсіпорындары сынды ғимараттарды тиімді пайдаланбайсыздар. Түлкібаста 21 мың гектар жерге күздік егу жұмыстарын жүргізу көзделсе, оның жартысы ғана орындалған. Денсаулық сақтау және білім саласында да кемшіліктер бар. Жасөспірімдер қылмысы, суицид мәселелері де күн тәртібінде тұр. Біздің басты мақсат – аудан тұрғындарына қолайлы жағдайлар жасау. Сондықтан жұмысты ширату керек»,-деді облыс әкімі.
Туризм саласының дамуына көңілі толмаған әкім Төле би ауданында 40-тан астам демалыс және қонақ үй кешендері орналасқанын айтып, табиғаты керемет таулы аймақта бұдан әлдеқайда аз екеніне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы туризм бағытын, потенциалды пайдалана отырып шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды айтты. Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы саласына түбегейлі талдау жасап, бау-бақша өсіру, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нақты іс-жоспарды бекітуді, жұмыссыздықты азайту бойынша тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өту жөнінде де жергілікті билікке бірқатар міндеттемелер жүктеді.
Фото: ontustik.gov.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript