Көк базар аумағында тұрғындарды сан соқтырып кететін алаяқтар азаяр емес
Фото: zakon.kz
Қала аумағында заңсыз жолмен сауда жасауға рұқсат жоқ. Сондықтан, жергілікті билік көк базардың маңын ретке келтіріп, ондағы алыпсатарлар мен маклерлерді тәртіпке шақырмайынша тексерісті тоқтатпауға бекініп отыр.
Көк базар аумағында тұрғындарды сан соқтырып кететін алаяқтар мен көше бойынан өткен елдің мазасын қашыратын алыпсатарлар азаймай тұр. Жыл басынан бері, полицейлер базар маңында тәртіп бұзған 1600-ге жуық адамды әкімшілік жазаға тартыпты. Олардың қатарындағы 41-і маклер болса, 100-ден астамы телефон сатқыштар екен. Бүгін Медеу ауданы әкімшілігі мен тәртіп сақшылары Көк базар аумағына кезекті рейд шарасын жүргізіп, заңсыз жұмыс жасағандарды анықтады, деп жазады Алматы телеарнасы.
Бұл «жетім бұрышты» жағалап, көше бойынан өткен жұрттың мазасын қашырып әртүрлі пәтерлерін ұсынатын маклерлер. Салық төлеуден жалтарып кәсіптерін тіркемегені өз алдына, жүргіншілердің жолын жауып әлек етеді. Полицейлер Көк базар маңын сүзіп шығып, өздеріне рұқсат етілген жерде жұмыс жасамай, тротуарда қызмет ұсынып тұрған маклерлерді аулады. Олар сақшыларды көрген бойда тым-тырақай қашып, қызметін жасыруға тырысты.
«Жетім бұрышта» үнемі жұмыс жасайтын 67 маклер бар екен. Олардың 31-і кәсіптерін тіркеп заңды түрде жұмыс жасаса, қалған 36-сы осылай қашып-тиіп еш рұқсатсыз пәтер ұсынатын көрінеді. Полицейлер 10 ай ішінде 41 маклерге 434 мың теңгеден астам айыппұл салыпты. Соған қарамастан тәртіпке бағынбай, жол бойынан жұрттың ақшасын қағып, артынша сан соқтырып кететіндері азаймай тұр екен. Мұны маклерлердің өздері де мойындап отыр.
«Бізде осы жерде маклерлар бар, далада жүреді олар. Елден адресті береді, жібереді, ол адрес жоқ қайтадан келіп ақшасын алайын десе. Ол адам жоқ уже все. Не ақшамды ұстап қойдым, ертең келесің, бүрсүгіні келесің,- дейді. Сол үшін ондай адамдар далада көп бізде»,- деді Маклер, Нұрсила Кабасова.
Маклерлардан бөлек, жол бойында топтасып тұра қалып өткен-кеткен адамға телефон ұсынатын алыпсатарлар да тәртіп сақшыларын мезі еткен. Жыл басынан бері, 113 адам полиция бөлімшесіне жеткізіліп, олардан 98 телефон тәркіленіпті. Ал, сан мәрте ескертуге құлақ аспаған 11 телефон сатқыштың ісі тіпті әкімшілік сотта қаралып, олар 5 тәулікке қамауға алыныпты.
«Қоғамдық орындарда заңсыз сауда жасауға түбегейлі тыйым салынған. Саудагерлер өздерінің ісін заңды түрде тіркеп, арнайы сауда орындарында жұмыс жасауы қажет. Бірақ, соған құлақ аспайтындар көп. Біз өз тарапымыздан оларға 449 баптың, яғни қоғамдық орында қорлап тиісу бабы бойынша әкімшілік жаза қолданамыз. Салынатын айыппұл көлемі 10 мың теңгеден басталады»,- Алматы қаласы Медеу ауданы жергілікті полиция бөлімінің басшысы, Руслан Саудабаев.
Медеу ауданының шенділері Көк базар аумағындағы жабайы сауданың тамырына балта шабуды да мықтап қолға алуда. Биыл мұнда рұқсат етілмеген жерде саудасын дөңгелеткен 389 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Күнделікті жүргізілген рейд нәтижесінде жыл басынан бері көк базар маңынан 69 заңсыз сауда нүктесі анықталып, олардың көзі жойылыпты.
«Өткен аптада біз 12 рейд шарасын өткізіп, 26 заңсыз сауда нүктесін анықтадық. Еш рұқсатсыз, заңсыз жолмен сауда жасаған 12 адамға 204 бап бойынша айыппұл салдық. Айыппұл көлемі 159 мың теңгені құрады",- деді Алматы қаласы, Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Бақытжан Наурызбеков.
Қалай дегенмен де қала аумағында заңсыз жолмен сауда жасауға рұқсат жоқ. Сондықтан, жергілікті билік көк базардың маңын ретке келтіріп, ондағы алыпсатарлар мен маклерлерді тәртіпке шақырмайынша тексерісті тоқтатпауға бекініп отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов
Фото: camonitor.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript