Сот әділдігі – ел дамуының тұғыры
Zakon.kz
Әділ қазылық ету - әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айта білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі – заман талабы екендігін ұмытпауы қажет.
Қазақстан Республикасының Судьялар Одағы 2016 жылдың қазан айында Судьялар Одағының кезектен тыс VII съезін өткізді. Съезд Астана қаласында өтті. Аталған шешім судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуына, сондай-ақ Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты қабылданды. Бұл - бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының №19 қадамын іс жүзінде жүзеге асыру үшін қолға алынған абзал істің бірі болып саналады.
Аталған жоспарды іске асыру барысында және елеміздің тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдіру бағытында көптеген батыл қадамдар жасалынып, игі бастамалар қолға алынды, бұрын-соңды болмаған, көптеген дамыған елдерде іске аспаған жаңалықтар енгізіліп, үлкен маңызды шаралар іске асырылуда.
Бұл, тәуелсіздікке етене жеткендіктің белгісі, тәуелсіздіктің берген асқаралды сиы деп есептеуге болады.
Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген бақыты, азаматтарымыздың қан мен терін аямай төгіп көтерілген биік белесі, халқымыздың мәңгілік құндылығы екенін шегелеп айтқан Елбасы сот жүйесінің де еркін жұмыс істеп, әділ үкім, тура шешім шығаруына толыққанды жағдай жасала беретінін атап өтті. Тәуелсіз елмен бірге жасасып, бірге қалыптасып, бірге түлеген сот жүйесі бүгінде материалдық-техникалық жақтан толық қамтамасыз етілген, рухани жақтан жан-жақты қолдау тапқан мықты құрылымға айналды. Ең бастысы, Елбасымыз судьялардың тәуелсіздігін бекітті, келешегінің келбетті болатынын сендірді. Сот жүйесінің ескі қағидалармен өмір сүрмей, жаңаша тыныстауына мүмкіндік жасады.
Айтар болсақ, осы аңсаған егемендікке жеткен жылдардың ішінде сот жұмысына, судьялар қызметіне қатысты қарапайым қалам-қағаздан бастап, зәулім ғимаратқа, заманауи техникалық құрылғыларға дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік шешімін тапты. Бүгінде әдемі, жарық, еңселі ғимаратқа кірген азаматтар төрелік алаңының маңызын бірден сезінеді. Осының бәрі сол, алдыңғы кезеңдерде өткізілген сот съездерінің жемісі. Өйткені судьялар съезі - әр аймақтан келген судьялар мен іргелес елдер заңгерлерінің еркін ой-пікір алмасуына, сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, сот жүйесінің материалдық базасының нығаюына айтарлықтай ықпалын тигізді. Бір сөзбен айтқанда, судьялар съезі қазылар қауымының көкейдегі ойын халыққа бүкпесіз жеткізетін биік мінбесіне айналды.
Судьялардың 2013 жылдың 20 қарашасында өткен VI съезінде сот саласындағы соңғы 4 жыл көлеміндегі атқарылған сан-салалы жұмыстары таразы басына салынып, сараланды. Съезде сот жүйесін әрі қарай ілгерілету, орын алған кемшіліктерді көрсетіп, судьялар жұмысына жаңа серпін беру, құқықтық жүйені белсенді қалыптастыруға баса назар аударылды.
Мемлекет басшысының өзі VI съезде сөйлеген сөзінде: «Біз Қазақстан-2050» стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруге міндеттіміз» - деп тапсырма берген. Дана халқымыз «Билік айту - оңай, біліп айту - қиын» екендігін тегін айтпаған. Осы қағида талабына сай білімді де, білікті билердің еңбегі және олардың іс-әрекеті әрқашанда халық қадағалауында болғандығы байқалады.
Әділ қазылық ету - әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айта білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі – заман талабы екендігін ұмытпауы қажет. Қазы - халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сол сәтте айыпкер, бұзақы, жауапкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді.
Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс немесе құрылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Сол себепті әр съездің көтерген жүгі ауыр, қозғайтын тақырыбы да сан алуан. Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған кезектен тыс VII съезд - Судьялар әдеп кодексін заман талабына сай лайықтап, осы уақытқа дейін көтерілген мәселелерді ескере отырып қабылдауымен ерекшеленді. Бүгінгі күнге дейін қолданыста болған Әдеп кодексі 2009 жылы қабылданған еді. Судьялар одағы бастамашылық жасаған жаңа Әдеп кодексі мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың біліктілік қасиетін ғана емес, кісілік келбетін, адамгершілік, моральдық бейнесін нығайтуға ықпал етеді деген ойдамын. Өйткені, бұл Кодекстің бір ерекшелігі – онда судьяларға Президент, халық тарапынан қойылған талаптардың барлығы ескерілген. Кодекс жобасы Бангалор қағидаты мен ең үздік халықаралық тәжирибенің негізінде жасалған.
Қарағанды облысының соттары да судьялардың кезектен тыс өтетін VII съезіне дайындығы жоғары болды. Оған барған өкілдер таңдалып, көпшілік назарына салынатын мәселелер талқыға түсті. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші, республика судьяларының талқылауынан өтіп, талай ой-пікірді топтастырған бұл құжаттың сенімнен шығары күмән туғызбайды.
Сот төрелігі алдында тұрған жоғары әрі жауапты міндеттер судьялардың өзінің кәсіби қызметін халыққа ерен еңбегімен жеткізе отырып, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындау арқылы, адалдықты, сатылмаушылықты, әділдікті, халық арасындағы шүбәсіз беделділікті көрсете келе, қызметте және тұрмыста адамгершілік пен мораль нормаларын, мінез-құлықтың әдеп қағидаларын сақтау негізінде атқаруын көздейді.
Жаңа Кодекстің жан-жақты талқыланып, беделді халықаралық Комиссия сараптамасынан өтіп барып қабылдануы сот билігінің дамуымен нығаюының, сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігі мен сапасын арттырудағы, елімізде тәуелсіз және адамгершілік жағынан мінсіз сот корпусының қалыптасуының айқын кепілі болытындығының кепілі.
Судьяның қызметі үнемі халықтың назарында болғандықтан, судьялардың жүріп – тұруы, жоғары моральдық әдеп талаптарына сай іс-әрекеттері олардың ел және қоғам алдындағы ерекше жауапкершілікті толық түрде түсінетіндігі сот саласының халық алдында беделінің жоғары екендігін дәлелдейді.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап, құқықтық жүйенің кәсіби, әрі адал қызметін жолға қоюда аз жұмыс істелінген жоқ. Ең бастысы, соттар мен судьялар қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздікке қол жеткізді. Соттардың тәуелсіздігіне біздің Конституциямыз да кепіл. Ол судьяларды жауапқа тартудың күрделі де жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырады. Судьяның заң алдында да, заңға сүйене отырып шешім қабылдаған уақытта да қатаң бақылауда болатындығын, кешірімсіз ерекше жауапқа тартылатындығын ескере келе, Әдеп кодексі мен Судьялардың әдебі жөніндегі комиссия тек ғана судьяның міндеттерін және тәртіптік жауапкершілігін айқындап, жауапқа тартумен шектелмей, оның бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру мәселелерін ойдағыдай реттейтін сала болып есептелуі де қажет екендігі туындайды. Осы орайда сот беделінің бүкіл биліктің абыройы екендігін ескере келе, ол адамдар әділдік іздеп баратын ең соңғы саты екендігіне белгілі баға бергеніміз абзал деп ойлаймын. Сот билігінің беделі мен күш-қуаты осында жатқандығы айқын.
Осы орайда айта кететін жай - Қазақстанда судьялар - Елбасының жарлығымен тағайындалатын және қызметінен босатылатын, жоғары жалақы төленетін және тиісті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мәртебелі мемлекеттік лауазым иелері. Сондықтан олардан сұраныс пен талап та жоғары болатындығы талқыланып отырған Әдеп Кодексінде айқын айтылған. Осы себептен судьялардың мінез-құлық, келбеттерінің үлгілі қоғамдық нормаларын қалыптастырудың маңызына осы сәтте аса жоғары мән беріліп отыр.
Тәуелсіз сот – адам құқығының сақталуының кепілі.
Жеткілікті және ерекше жағдайда материалдық әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілген судья – заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін асыл діңгекті тұлға деп санауға болатынын ескеруіміз қажет.
Теңдікпен, адамгершіліктің сонымен қоса жоқтықпен күйзелістің шаңын бұрқыратып өткен заманмен салыстырсақ, жетпіс жылдан астам уақыт дәурен еткен кеңес өкіметі кезінде сот мемлекетті, қоғамды және азаматтарды түрлі қол сұғушылықтан қорғайтын, соларға қарсы күресетін орган ретінде танылып келді. Адам құқығын қорғауды бірінші орынға қоятын Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясына керісінше кеңестік заң мемлекет мүддесін алға шығаруымен бүкіл билік органдарының, оның ішінде соттың да қызметін саясиландырып ұстап тұрғандығы ақиқат еді.
Ол кезеңде сот мемлекеттік биліктің санатына ене алған жоқ. Қазіргі Ата заңымызда «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінеді, олардың тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл принципіне сәйкес жүзеге асырылады» деп бекітілген, ол кезде бұл тұжырым еліміз үшін арман ғана еді. Сондықтан, 1924 жылғы «Сот құрылысы негіздерінің» 1-ші бабында соттардың міндеттері белгіленгенде саясат иісі аңқып тұрды, онда төңкеріс арқасында орныққан тәртіпті нығайту, еңбекшілер мен олардың бірлестіктерінің мүдделерін қорғау, құқықтық тәрбие беру, қоғамдық еңбек тәртібін нығайту және басқалары атап көрсетілді.
Сот құрылымы туралы 1938 жылғы Заң да, 1958 және 1980 жылдарда қабылданған «Сот құрылысының негіздері» де осынау коммунистік мұраттардан алыстап кеткен жоқ. 1989 жылғы «Сот құрылымы туралы заңдылық негіздерінде» де сот төрелігі жүзеге асырылғанда конституциялық құрылыстан бастап кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың мүдделеріне дейінгі құндылықтар әртүрлі қолсұғушылықтан қорғалуы тиіс екені нақтыланды. Осы келтірілген заңдардың бірде-бірінде сот билігі, сот тәуелсіздігі туралы сөз болған жоқ. Дегенмен, тарихқа көз жүгіртсек сот тәуелсіздігін тек осы заман еншісі етіп, соңғы жылдарға шегелеуге болмайды. Айталық, ежелгі грек ойшылы, биліктің бөлінуі теориясының басшысы Ш.Монтескье құқықтық мемлекеттегі басқару құрылымын айқындаған. Ойшылдың пікірінше, заң шығарушы билік пен атқарушы биліктен жоғары тұрған сот оларға бақылау жасайтын, іс-әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын тексеретін оқшау билік иесі болуы, ал соңғыларға оның үстінен қарау құқығы берілмеуі тиіс, деп көрсетілген. Демократиялық құқықтық мемлекеттердің даму тарихы соттың биліктік міндетті құрамдас үш тармағының бірі болып қалмағанын, қайта адам құқығы мен бостандығын, ізгілік, әлеуметтік әдептілік пен заңдылық қағидаларын, демократияның өзін де қорғауда ерекше орны болғанын және бар екенін көрсетеді.
Жалпыадамзаттық игі және озық мұраттарды мемлекет іргетасына негіз еткен еліміз Қазақстан Республикасында жоғары биліктің бөлінуі, тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуы, сот саласының реформаланып, тәуелсізденуі және күшеюі 1995 жылы қабылданған Конституциядан бастау алады десек қателеспейміз. Одан бұрынғы барлық негізгі заңдарда соттың мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі екені ешбір мойындалмағандықтан, қазақстандық Конституция мен конституциялық заңдардағыдай, сот төрелігін тек қана сот жүзеге асыратыны, судья мәртебесі нақтыланбағандықтан, соттың тәуелсіздігі мен дербестігіне кепіл беретін басқа да заң кесімдері қабылданбағандықтан, кеңестік соттың жеке адамдар арасындағы дауларды өздері шеше беретін партия мен атқарушы биліктің ықпалынан тыс тұрғандығы тек сөз жүзінде ғана болғаны жақсы мәлім.
Республикамызда тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап сындарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқан құқықтық реформалардың нәтижесінде сот беделі анағұрлым көтеріліп, билігі нығая түсті. Бұрын атқарушы биліктің кеңселерінің алдарын бермейтін, сонда отырғандардан мәселелерінің шешімін күтетін шағымшылар өз құқықтарын заң жолымен, сот арқылы қорғауға белсене кірісті. Құқықтардың қалпына келтірілу деңгейінің артуы соттың биліктің басқа тармақтарынан процессуалдық және материалдық жағынан тәуелсіздігінің, дербестігінің арқасында мүмкін болып отыр. 1995 жылғы Конституциядан кейін қабылданған «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Қазақстан Президентінің Жарлығы соттардың құрылымын ғана емес, әлеуметтік маңызын да түбегейлі өзгертті. Осы заңмен алғаш рет «сот билігі» термині енгізіліп, атқарушы биліктің соттарға ықпалын жою сот реформасының басты мақсаттарының бірі болып саналды.
25 желтоқсан 2000 жылы Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының қабылдануымен және оған енгізілген өзгерістер, толықтырулар сот жүйесін реформалаудың келесі шешуші кезеңінің басталғанын және сот беделін көтеруге айтарлықтар іс-шара жоспарланғанын көрсетеді.
Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, олардың ұстанымы мен жеке басының ерекше адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты. Осыған орай, сот әдебі сот әділдігімен тамыр тартып жатқан, соттың шынайылылығына тәуелді, онымен біте қайнасудан туындаған айқын да жарқын құбылыс. Ел судьяларының жаңа редакциядағы Әдеп кодексі – бұқара тарапынан сот жүйесіне сенімді нығайтуға, судьяның халық алдында жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заман талабына сай дайындалған құнды – тарихи құжат деп тануға болады.
Себебі, судья алдына әркім әділдік іздеп келеді және билік төрінен адам жан айқайын түсініп, тыңдай, тіл табыса білетін парасатты, білімді де, білікті, мейірбан жанды көргісі келеді. Азаматтардың сотқа, судьяның шығарған шешіміне деген сенімі мен үміті нақ осы бастапқы әсерлерінен қалыптасады. Сондықтан судья сыпайылықпен ұстамдылықтық өзегі болып, заң талабын қолдануда ерекше даналық көрсетуі заман талабы екенін түсінуі қажет.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77 – бабында «Судья сот төрелігін жүзеге асыруда тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады», - делінген. Судьяның ерен тәуелсіздігі мен заңның тұғырықсыз жұмыс жасағандығы халыққа тиімді. Сол заңды іске асыратын адам екенін ескерсек, заң өздігінен адам тағдырын шеше алмайтындығы түсінікті. Осы жерде келіп адамның ар-ожданы, азаматтық парасаты, жүрек әмірі қосымша қозғаушы күшке айналады. Судья әдебінің нормалары, міне, осы ретте көмекке келеді. Қазіргі уақытта салалы іріктеу жүйесінен өткен судьялары - сауатты, білімді, іскер және заңмен жұмыс жасай алатын беделді азаматтар.
Қоғамдағы заң үстемдігін толықтай қамтамасыз етіп, мемлекет атынан адам тағдырын тепе-теңдік жағдайда шешетін, ел таныған Ұлт көшбасшысының өзі Жарлықпен тағайындайтын ең мәртебелі лауазым иелері - судьяларға антқа адалдығын сақтап, әділ шешім шығарып, халықтың сенімі мен құрметіне бөленуден асқан абырой жоқ.
Сондықтан, Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдар аралығындағы Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты туралы Концепциясына сәйкес алдымызда сот өндірісінің барлық сатысын жетілдіру, судья мәртебесін көтеру, сот процестерінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуді жетілдірудің күрделі жұмыстары тұр. Шетел сыншылары Қазақстан сот жүйесін жетілдіруде бұрынғы Кеңес дәуірі елдері ішінде көш ілгері алда келе жатқанын мойындап отыр. Бүгінгі күні елімізде құқықтық мемлекетке қойылатын талаптарға сай, Конституцияны бұлжытпай орындап, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктерін, заңды мүдделерін қорғау мақсатында жүктелген міндеттерді атқара алатын толық қанды сот жүйесі бар.
Ал тәуелсіз сот - адам құқығының сақталуының кепілі және сот қызметінің тиімділігі мен олар шығаратын шешімдердің заңдылықтарға сай болуы және мүлтіксіз орындалуы кез-келген мемлекеттің демократиялық негіз болып табылады.
Байғаскин Қайырбек Кенжетайұлы Қарағанды облысы №2 Осакаров аудандық сотының төрағасы
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript