Сот билігінің халық үшін ашық болуы маңызды
Zakon.kz
2016 жылдың 11 айында қаралған 6532 әкімшілік құқықбұзушылық істің 6055 ісі, немесе 92,6 пайызы мемлекеттік тілде қаралған.
Сот билігі – еліміздегі басқа билік салаларынан, дара, өз қызметінде тәуелсіз, әрi кесiмдi шешiм айтатын ерекше орган. Елбасының «Судья-халықтың айрықша таза әрікіршіксіз ары» деп соттарға баға беруі, оның қара қылды қақ жарған судьяларға сенім артуын көрсетсе керек. Бүгінгі таңда елімізде қазіргі заманға сай сот–құқықтық реформалар қарқынды жүзеге асырылуда. Сот жүйесіндегі жаңалықтармен танысу мақсатында Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Өмірзақ Дәулетиярұлы Садықовтан сұхбат алған едік.
Сот жүйесін реформалауда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының маңызы зор. 2016 жылдан бастап бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көштік. Сот сатыларын азайту туралы айтып өтсеңіз?
-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқына ұсынған Бес институционалды реформасы Қазақстанның дамуының басты кепілі. Бағдарламаның бір бөлімі түгелімен заң, сот саласына арналып, сот қызметін заманауи ағымға сай жетілдіру. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 16-қадамында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру үшін сот жүйесіндегі инстанцяларды оңтайландыру көзделіп, бес сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) сот жүйесінен үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу болатын. 2016 жылдан бастап халық сот сатыларына бұрынғыдай бес рет емес, қажеттілігіне қарай үш рет жүгіну құқына ие болды. Бірінші сатыдағы сот аудандық сот болса, екінші немесе апелляциялық сатыдағы сот облыстық сот. Осы сатыда қаралғаннан кейін үкім немесе шешім заңды күшіне енеді. Яғни, азаматтарымыз өз облысының көлемінде екі сатылық сотқа ғана қатысады. Ал, үшінші саты – кассациялық саты бұл жағдайда заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексереді. Үш сатылы сот жүйесіне көшу бүгін ғана ойлап шығарылған нәрсе емес. Оның үстіне, үш сатылы сот жүйесі бұрыннан халықаралық тәжірибеде қолданыста бар. Сондықтан, өзіңіз айтып отырған үш сатылы сот жүйесінің артықшылықтары көп. Біріншіден, сот шешімдерінің шапшаңдығын арттырады. Екіншіден, қарапайым халықты әуре-сарсаңға салмай, сот істерінің созбалаңға салынуына жол бермейді. Сот сатыларының бес сатыдан үш сатыға азаюы апелляциялық сатының рөлін күшейтуге мұрындық болмақ. Бұрын бірінші сатыдағы қаралған істер бойынша ескі заңға сәйкес сот шешімдеріне тараптар шағым немесе арыздарын он бес күннің ішінде берулері қажет болатын, ал қазіргі жаңа заңға сәйкес, бұрынғы он бес күн бір айға ұзартылды.
Өмірзақ Дәулетиярұлы, 2015 жылы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің қолданысқа енгенін жақсы білеміз. Әкімшілік жазаның түрлері туралы айтып өтсеңіз?
-Әкімшілік жаза – әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны үшін қолданылатын жауапкершілік шарасы. Әкімшілік құқық бұзушылық үшін тағайындалатын жаза әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаларға сәйкес болуы керек. Әкімшілік жаза тағайындау кезінде жасалған құқық бұзушылықтың сипаты, құқық бұзушының жеке басы, оның кінәсінің дәрежесі, мүліктік жағдайы, әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән жайлар ескеріледі. Бір тұлға екі, не одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық жасағанында, әрқайсысы үшін жеке – жеке жаза қолданылады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін. Атап айтсақ; ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу, арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау, қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу,әкімшілік қамаққа алу, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20-қадамына сәйкес барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу тапсырылды. Айтылған мәселелер өзіңіз басқарып отырған Ақтау қаласы мамандандырылған әкімшілік сотта қаншалықты шешімін тапқан?
-Иә, өте орынды сұрақ. Бүгінде, Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында бұл мәселе оң шешімін тауып, барлық сот залдары дыбыс-бейнежазба құрылғыларына толықтай қосылып, әрбір сот отырысы «Тайға таңба басқандай» бейне және үнтаспаға жазылу арқылы өтуде. Әрине, бұл қағазбастылықтың алдын-алып, судья мен сот хатшысының жұмысын біршама жеңілдететті. Осындай заманауи технологиялардың сот саласына енгізілуі заңның үстемдігін қамтамасыз етері даусыз. Сот билігінің халық үшін ашық, қолжетімді, жариялықты ұстануы маңызды. Себебі, халық заңға сеніп, әділеттілікті қадір тұтса, бұл елдің дамығандығының көрсеткіші деп ойлаймын. 2016 жылдың 11 айында қаралған 6532 әкімшілік істердің 894 дыбыс жазба немесе 13,6 пайызын және 4739 немесе 72,5 пайызын бейне жазба жүйесін пайдалану арқылы қаралған. Жалпы дыбыс және бейне-жазба құралын қолданып 2016 жылдың 11 айында бейне және дыбыс жазба құралын қолдану арқылы қаралған істер 86,1 пайызды құрайды.
Судьялардың VII съезінде жаңа Әдеп кодексі қабылданды. Жаңа кодекстегі жаңашылдықтарға тоқталсаңыз?
-Этика бұл қоғамдағы адамның, белгілі бір дәрежедегі топтың, қоғамдық немесе қызметтік топтардың мінез-құлық әдептерінің ережесі болып табылады. Елімізде судьялардың әдеп құндылықтарына қойылатын талап жоғары екендігін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, заң атынан әділеттік ету сеніп тапсырылған судьялар үшін Судья әдебі кодексі зор маңызға ие. Судьялар әдебі кодексінде судьяның мінез-құлық принциптеріне басты назар аударылып, сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңды және ар-ожданды басшылыққа алып, шешім қабыл¬дау қажеттілігі нақты көрсетілген. Судья сот билігінің беделін түсіретін, абы¬рой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төре¬лігін жүзеге асыру кезінде оның объективтілігі мен бейтараптылығына күмән тудыратын жағ¬дайлардың бәрінен бойын аулақ ұстауға тиіс екендігіне кеңінен мән берілген. Тіпті, жұмыстан тыс, өзге уақыттарда да қазының мінез-құлықтары мен сыртқы келбеті оның қызметіне сәйкес болып, қызметтін өзінің жеке басының қамын күйттеуге немесе отбасы мүшелерінің мүдделері үшін пайдаланбауға тиіс екендігі кодексте егжей-тегжейлі жазылған. Беделіне кедергі келтіретін көпшілік орындарға бару, ішімдік ішу, құмар ойындарымен әуестену, мейрамхана, казиноларға бару судья әдебіне қайшы көріністер.
Жаңа қабылданған заңға сәйкес, судьялыққа үміткерлерге талап қатайды. Судья халықтың ары демекші, бүгінгі судьяға қойылар талап туралы айтып беріңізші.
- Хакім Абай «Аллаға азанды бол, ағайынға қазанды бол, халқыңа әділ бол» демекші басты мақсатым әділеттікті бәрінен биік ұстап, шындықты айқындау. Сырт көзге судья болу оңай көрінгенімен, жауапкершілігі өте жоғары. Себебі, әрбір шығарған үкім, шешіміміздің арғы жағында адамның тағдыры тұрады. Сотқа әділдік іздеп жүгінген жандар шығарылған шешімге көңілі толса – бұл маған үлкен қуаныш. Судьялыққа талаптың қатаюы құптарлық. «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамның» 17-қадамы судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілігін көтеруге бағытталған. Басты талап – сот істерін жүргізуде 5-жылдық өтіл міндеттеліп отыр. Бұдан, судьялар жұмысының күрделі және жауапты екендігін көреміз. Судьялыққа талапкерлердің кәсіби қабілеті мен іскерлік шеберлігін тестілеу жүйесі арқылы анықтауға болатыны айтылған. Тест жүйесі – қазіргі заманғы әлемдік деңгейдегі ұтымды жүйе. Бұл арқылы жас үміткердің білімін жан-жақты тексеруге болады. Судья болу үшін бұрын 25 жас жеткілікті болса, қазір ол 30 жасқа ұзартылды. 30 жаста кез келген адам оңы мен солын ажыратып, ақыл тоқтады емес пе?! Сондай-ақ, судьялыққа үміткерлер бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Осы орайда, тағылымдамадан өтіп жатқан кезде үміткерге бір жылдық степендия төленетінін айтып кеткен жөн. Бұл жерден біз, Елбасымыздың жастарға деген ерекше қолдауын көреміз. Судьялыққа үміткер үшін тағылымдаманың берер тәжірибесі зор ғой. Судья боламын дегендер осы талаптардан толық өтіп, жауапкершіліктің дәмін сезініп, негізгі жұмыстың маңыздылығын осы аралықта түсініуге мүмкіндігі бар. Сонда ғана олардан өз мамандығын сүйген, кәсібін сүйген нағыз шебер судья шықпақ. Қорыта айтқанда, сотқа төрелік ету – кәсіби біліктілігі жоғары мамандар еншісінде болмақ. Мұндай талаптардың барлығы судьялар жұмысының санын емес, сапасын арттырып, сот жүйесін нығайта түсетіні сөзсіз. «Тура биде туған жоқ» демекші кез келген судья атына кір келтірмегені жөн деп білемін.
Өмірзақ Даулетиярұлы, өзіңіз басқаратын сот ұжымының 11 айлық қорытындысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
-2016 жылдың 11 айында 6694 әкімшілік іс түсіп, барлығы 6699 әкімшілік істі құрады. 6533 тұлғаға қатысты 6532 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралған. 2016 жылдың 11 айында сотқа түскен әкімшілік құқықбұзушылық істер саны 994-ге, ал мәнімен қаралған әкімшілік құқықбұзушылық істер саны 935-ке артқан. 2016 жылдың 11 айлық есептік кезеңінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша лауазымды тұлғаның іс әрекетіне шағымдану, яғни 44 тарауы бойынша 42 шағым түсіп, 28 мәнімен толық қаралған. Оның 7 шағымы қанағаттандырылып, 21 қанағаттандырудан бас тартылған.
2016 жылдың 11 айлық есептік кезеңінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бойынша лауазымды тұлғаның қаулысына шағым келтіру ҚР ӘҚБтК-нің 45 тарауы бойынша өткен жылдан 9 әкімшілік іс қалдықта қалған. 2016 жылдың 11 айында 226 шағым түсіп, барлығы 226 әкімшілік істі құраған. 65 шағым қараусыз кері қайтарылған, 1 соттылығы бойынша жолданған, 5 арыз берушінің арызы бойынша кері қайтарылған. 140 шағым мәні бойынша қаралып, 4 шағым қалдықта.
2016 жылдың 11 айында қаралған 6532 әкімшілік құқықбұзушылық істің 6055 ісі, немесе 92,6 пайызы мемлекеттік тілде қаралған.
Әңгімеңізге рахмет!
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript