Лента новостей
0

Сот жүйесін реформалау барысындағы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесі жоғары

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 14.12.2016 21:02 Zakon.kz
Заманауи технологиялардың көмегімен сотқа арыз¬шағымды электронды әдіспен жіберуге болады.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері дербес сот билігі қалыптасып, мемлекетіміздің негізін құрайтын басты тармақтарының біріне айналды. Осы тұста, еліміздегі сот және құқықтық жүйені дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның өркендеп, жеке мемлекет болып қалыптасуы үшін, саяси және экономикалық бағдарламалардың көптеп жасалынғаны да белгілі. 2000 жылы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңы қабылданды және де осы заң сот жүйесін реформалау бағдарламасының үлкен бір бөлігіне айналды. Осы тұста, судьялардың беделін көтеріп, тәуелсіздігін нығайтуға ерекше назар аударылды. Сот жүйесін реформалау барысындағы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жеткен жетістіктер елеулі деуге болады. Ең алдымен бұл бізге, сот жүйесін толықтай атқару органдардың ықпалынан босатып беріп, бұрынғы кеңестік жүйе кезінде қалыптасқан қоғамдағы сот жүйесіне деген көзқарасты біртіндеп жойып, соттың тәуелсіздігіне, оның ішінде судьяның іс қарау кезіндегі жеке тәуелсіздігіне және шығарылатын сот шешімдерінің әділдігіне деген сенімін артуға үлкен үлесін қосты.

1991 жылдың 16 желтоқсаны заң жүзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Тәуелсіздік күні болып жария¬ланды. «Біздің туымыз – Тәуелсіздік. Біздің мақсатымыз – бейбітшілік және береке. Бізде бір ғана Отан бар. Ол – Қазақстан», – дейді Елбасы үнемі. Бүгінде Қазақстан өзге елдермен терезесі тең, азат елге айналды. Ата Заңымыз қабылданды, тәуелсіздігіміздің айғағындай болған – әнұран, елтаңба, байрақ, төл теңгеміз бар. Тәуелсіздік алған соң, азаттықты дербес ету, мемлекеттікті қалыптастыру, орнықтыру да оңай іс болған жоқ. Елбасымыздың жыл сайынғы «Мәдени мұра», «Қазақстан – 2030», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Дағдарыстан – дамуға», «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», «Қа¬зақстан – 2050», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жоспарлы Жолдаулары мен бағдарламалары арқасында елімізді дамытудың бағыттары айқындалып, толағай табыстары мен жеткен жеңістері еселене түсті. 2010 жылы Қазақстанның бұрынғы КСРО-ның ішінен ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымын тұңғыш иеленуі де тарих сахнасындағы елеулі уақиға. Еліміздің ЕҚЫҰ¬ға төрағалық етуі және Саммитті өткізуі барша қазақстандықтардың тәуелсіздік жолындағы шынайы жеткен жетістігі.

Қазақстанның тұңғыш президенті болған Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы қадамын сындарлы істермен бастады. Елбасымыз жаңа бастамаларды, оң реформаларды елдің болашағы үшін жасайтынын үнемі дәлелдеп келеді. Н.Назарбаев мемлекеттік қызметтің сапасын едәуір өзгертті. Көптеген қызмет түрлері Электрондық үкімет арқылы тез әрі сапалы атқарылады. Бұл өз кезегінде азаматтардың уақытын, қаржысын үнемдеп, елдегі жемқорлыққа тосқауыл қоюға мүмкіндік беріп отыр.

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде ел Президенті сот жүйесінің барлық мәселелеріне айрықша маңыз берді, қазіргі заманғы демократиялық және құқықтық мемлекет құрудың жалпыәлемдік озық стандарттарына сәйкес соттардың шын мәніндегі тәуелсіз болуының қолдаушысы болды. Бұл барлығына – заңнамаға, судьялардың құзыретіне, сот жүйесінің құрылысына, судьялыққа үміткерлерді іріктеу жүйесіне қатысты болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Жоспар мемлекеттің дамуына серпін беретін, барлық саланың осал тұсын жойып, жетістігін еселейтін негізгі бағыт бағдарды қамтыған. Мұнда сонымен қатар, әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың, қауіп қатердің алдын алудың да мықты тетігі жасалған.

Елбасының мемлекеттік қызметке қатысты қойған талаптары еліміздің сот құрылымын да жаңа биікке көтерді. Бүгінде еліміздің сот саласында жүріп жатқан қарқынды жұмыстардың бірі сот қызметінің ашықтығын жолға қою деп айтуға болады. Осы мақсатта заманауи технология негізінде дыбыс¬бейнежазба жүйелерін сот үрдістерінде қолдануға айрықша маңыз беріліп отыр. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында сот істерінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сот отырыстарын дыбыс¬бейне жазбаларды жүргізу арқылы өткізуге айрықша мән берілген. Бұл судьялар мен сот процестеріне қатысушылардың процессуалдық нормаларды сақтауына ықпал ететін болады. Судьялардың жұмысын оңтайландырып, бір жағынан судьялар мен сот хатшыларының жұмысын жеңілдетсе, екінші жағынан тараптардың сотқа деген сенімін бекіте түсетін бастама. Себебі, сот отырысы түгелдей таспаға түсіріліп, ол монтаждалмайтындықтан, тараптар таспаны кез келген уақытта көріп, өз пікірін қалаған уақытта бере алады, әрі көкейінде күмән қалмайды. Мұндай артықшылық судьяларға қатысты арыз¬шағымдар легін азайтуға да ықпал етеді.Бюджет және сот өндірісіне қатысушылардың қаржысын, уақытын үнемдеуге, сот отырысы хаттамасының сапасын арттыруға, мәселелерді объективті түрде шешуге жол ашады.

Заманауи технологиялардың көмегімен сотқа арыз¬шағымды электронды әдіспен жіберуге болады. Сонымен қатар, сот хабарламалары да енді осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жедел жіберілетін болды.
Сонымен қатар, еліміздің жарқын болашағы үшін кодекстерге толықтырулар мен өзгер¬тулер енгізіліп, жаңа заңдар қабылданды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының, егемендігіміздің, Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың берік достығы мен береке¬бірлігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Осы ретте әрбір судья, әрбір қызметкер «Судья әдебі» кодексі мен «Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі» талаптарын қатаң сақтап, тәртіп пен реттілікті, әдеп пен мәдениеттілікті өмірлік қағидасына айналдыруы тиіс.

Адамдар сотқа басына түскен қиын жағдайды шеше алатын ең соңғы мүмкіндігім деп жүгінеді. Сондықтан біз де олардың сенім үдесінен шығу үшін барынша жұмыс жасаймыз. Сот қызметкерлері талап-арыз берушілерді қабылдау сәтінен бастап, сот актісі шыққанша барынша әдепті де мәдениетті болуға күш салады. Істі сот процесінде қарауға терең дайындалып, құжаттардың түгелділігін, ондағы қажетті мәліметтердің толықтығын қамтамасыз етуге көмек көрсетеді. Сот қызметкерлері, ең алдымен, келген адамдардың реніш-наразылығын тудыратындай ешқандай ілікке жол бермеуі керек. Сол себепті әрбір судья халықпен жұмыс жасау барысында мейлінше әдептілік көрсетіп, ізгілік танытуы тиіс.

Сот жүйесіндегі жаңа өзгерістер қоғамның сот қызметіне деген сенімін арттырып келеді. Бұл мәселеге деген Елбасының ұдайы көңіл бөліп, жүргізіліп жатқан реформаларға қозғау салып отыруы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды демократиялық үрдістерге сай күшейтуге ерекше ықпал етуде.

Сот төрелігінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін бірден-бір жауапты тұлға – судья. Сондықтан судья, ең алдымен, әділдік пен турашылдықтың жаршысы болу керек. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп бекер айтпаған халқымыз. Осынау ұлағатты сөздің астарына ұлттық таным-түсінікпен тереңдей үңілсек, судья туғанды емес, ең алдымен, иманды болуы керек. Судья қай уақытта да өз қызметінде Ата Заңымызбен қатар Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы барлық заңнамалық актілерді, жалпыға бірдей адамгершілік нормаларды және мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Мұның бәрі айналып келгенде, судья әдебі деген ұғыммен тоғысады. Ол заң талаптарына сүйене отырып, әділ шешім қабылдаушы тұлға ғана емес, үлкен мәдениет пен парасат иесі де болуы керек. Егер біздің арамыздан бір адам өзінің жеке басының мүддесін мемлекет, заң, ар мен ождан мүддесінен жоғары қойып, заң бұзушылыққа жол берсе, бүкіл сот жүйесіне, судьялар мәртебесіне зор нұқсан келетіні сөзсіз. Сондықтан да осындай қолайсыз жағдайлардың алдын алу үшін соттарымызда кешенді іс-шаралар ұдайы атқарылып отырады.

«Судья әдебі кодексінің» талаптарын бұзған судьяға қатысты тәртіптік сипатта шара қолдану туралы мәселені шешу кезінде, жасалған теріс қылықтың барлық мән-жайы, сот билігінің беделіне келтірілген нұқсаны, судьяның жеке басына және оның жасалған теріс қылыққа қатысты ескеріледі.

Аталған кодекс бойынша судья өзінің қызметтік парызын орындау кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де, қызметтен тыс жерде де Сот этикалық кодексінде көрсетілген қағидаларды қатаң ұстауға тиіс. Яғни, осы қызметті таңдаған әрбір судья тәртіптік әдеп нормаларын сақтауға байланысты шектеулерді өзіне ерікті түрде жүктейді. Осынау бір қиын да мәртебелі қызметте жүрген әрбір азамат барынша әділетті шешімдер шығарып, өзінің барлық болмысымен осы қызметке лайықты екенін көрсетіп, қоғам алдында сот төрелігіне деген сенімнің өсуіне, сот мәртебесі беделінің нығаюына белсене атсалысуы қажет.

«Судья әдебі» кодексінде судьялар тарапынан күтілетін әдеп нормалары жайлы егжей-тегжейлі көрсетілген, оларды сақтау – судьяның басты міндеттерінің бірі. Судьяның бойынан табылуы қажет асылдары, білімділігі, сыпайылығы оның әдептілігі деп білемін, осы үшеуі болғанда ғана, судья өз атына лайықты жұмыс атқарып, жұмысының нәтижелі жемісін көре алады. Бүгінгі күні судьялар корпусына деген талап күшейтіліп отыр.
Еліміздің басты судьясы бір сөзінде: «Судья әдебінің нормаларын сақтау ерекше әрі ұдайы бақылауда болуы керек. Судья мәртебесі, оның жеке басының кіршіксіз тазалығы мен қоғамдағы орны мінсіз жұмыстың басты факторы болуға тиіс. Тек сондай жағдайда ғана судья қоғамның оң пікіріне ие болады. Ал, олардың шешімдері заңды әрі әділ болғанда ғана халықтың сеніміне ие бола аламыз» деп атап өткен болатын. Сондықтан әрбір судья осы жүктелген міндетті, артқан жауапкершілікті сезініп, өзінің әрбір әрекетіне, жүріс-тұрысына жауаптылықпен, сақтықпен, сын көзбен, байыппен қараса құба құп болар еді.

Сол судья дегенде көз алдымызға кешегі бір ауыз сөзбен бүкіл бір елдің мәселесін шешіп, жесірін жылатпаған, жетімін құлатпаған, дарқан даланың данагөй ақылмандары, қазақтың даңқты билері – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би көз алдымызға келеді. Қалың қазақты дуалы ауыз шешендігімен, көреген көсемдігімен айрандай ұйытып, қара бастың қамын ойламай, байтақ қазаққа бас болып, телісі мен тентегін тыя біліп, әділдігімен, турашылдығымен ел есінде қалған.

Судьяның негізгі міндеті заң талаптарын сақтай отырып сот ісін жүргізіп, ол бойынша заңды сот актісін шығару болып табылады. Сот ісін жүргізудің аяқтау сатысы сот актілерін орындау болып табылады, сондықтан олардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін шаралар міндетті түрде қабылдануы қажет. Ия, қазіргі уақытта бұл мәселе жиі қозғалып жүр. Сот шешімдерінің шығарылуы мен орындалуы арасында алшақтық деген сөз жүрмеуі тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар жеке сот орындаушылар институтының енгізілуінің – сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыруда маңызы зор деп білемін. Сонымен қатар, сот актілерін мүлтіксіз орындауға, оның ішінде сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту, борышкерлерге қатысты шектеу шараларын қолдануды одан әрі кеңейту, атқарушылық іс жүргізуге іс жүргізушілік сот бақылауын күшейту арқылы қол жеткізу қажет деп есептеймін.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Маратәлі Өсербайұлы Бекназаров

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: