ОҚО-да Тәуелсіздік тойы қарсаңында 300-ден астам отбасы баспаналы болды
Zakon.kz
Жаңа қоныстардың іргетасы 2015 жылы қалана бастаған болатын. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, табысталған баспаналар мерейлі мерекедегі үлкен сый болып отыр. Ал тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Ел Құрылыс тобы» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Оңтүстік Қазақстанда 314 отбасыға пәтер кілті табысталды. Егемендіктің ширек ғасырлық тойында, әсіресе, Түркістан қаласы мен Созақ ауданының тұрғындары айрықша қуанышқа кенелді.
Мәселен, таяуда Түркістандағы 264 отбасыға пәтер кілті табысталды. Тәуелсіздік күні мерекесіне тарту ретінде халық игілігіне жаңадан берілген 9 қабатты екі және 5 қабатты екі тұрғын үй жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданында орналасқан. Жергілікті халықтың қоныс тойына қатысып, қуанышымен бөлісе барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев түркістандықтарды Егемендігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, тұрғындарға пәтер кілтін табыстады.
«Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында түркі дүниесінің орталығы саналатын көне Түркістанда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кезекте тұрған көптеген азаматтар баспаналы болары сөзсіз. Дәл қазірдің өзінде осы шағын ауданда 8 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Келешекте жаңа ауданда мемлекет есебінен 100 көпқабатты үй және әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл ширек ғасырда Елбасының көрегенді саясатының арқасында қол жеткізген жетістіктің бір парасы ғана», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, аталған шағын аудандағы 5 қабатты қос үйдің құрылысы облыс бюджеті есебінен жүргізілсе, 9 қабатты екі үй «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ-ның есебінен салынған. Сонымен бірге, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымдарының құрылысына 586,6 млн. теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілген.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында тұрғын үй алу үшін 4232 азамат өтініш білдірген. Олардың ішінде 3019 әлсіз топтағы, 203 жетім балалар болса, 1010 мемлекет қызметкері мен 10-нын үйі апатты жағдайдағы азаматтар құрайды.
Дәл осы кезде теріскейлік ағайынның да ауылында «ақ түйенің қарны жарылған» күн болды. Дәлірек айтсақ, осы күні Созақта 50 тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл қуанышпен де аймақ басшысы ортақтаса білді.
Облыс әкімі аудан орталығы – Шолаққорған ауылында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынған тұрғын үйлердің кілтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы аналар мен кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге табыстап, жаңа қоныстың құтты шаңыраққа айналуын тіледі.
«Ел үй – елу отбасы – елу жанұя. Осы елу отбасының әрқайсысында 4-5 адамнан бар деп есептесек, бүгін 200-ге жуық созақтық тұрғынның қуанышына ортақтасып отырмыз. Мұндай жағдай өңірімізге «Нұрлы жол», «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында бөлініп жатқан үлкен қаржының арқасында мүмкін болып отыр. Болашақта осындай бағдарламалар арқылы көптеп ақша бөліп, бүгінгідей тұрғын үйлердің салынуына барынша атсалысатын боламыз», - деді Ж.Түймебаев.
Жаңа қоныстардың іргетасы 2015 жылы қалана бастаған болатын. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, табысталған баспаналар мерейлі мерекедегі үлкен сый болып отыр. Ал тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Ел Құрылыс тобы» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.
Айта кету керек, бүгінде Созақ ауданында тұрғын үй кезегінде 454 адам тұр.
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript