Ақтауда ашынған саудагерлер базардың қасақана өртелгенін айтты
Zakon.kz
Ақтаулық кәсіпкерлер үшін жаңа жыл жағымсыз басталды деуге болады.
Ақтауда күлі көкке ұшқан орталық базардың неден өртенгені әлі анықталған жоқ. Алайда шаш етектен шығынға батқан кәсіпкерлер оған қасақана от қойылуы мүмкін деп отыр. Дәл бірінші қаңтар күні болған алапат өрт салдарынан 180-ге тарта саудагер барынан айырылды. Көпшілігінің тауарлары сақтандырылмаған екен. Сондықтан оларға ешкім өтемақы төлемейді. Осыған ашынғандар көшеге шығып, нарызылық білдірді, деп жазады КТК телеарнасы.
Ақтаулық кәсіпкерлер үшін жаңа жыл жағымсыз басталды деуге болады. Себебі, дәл бірінші қаңтар күні қаланың орталығындағы базардан өрт шығып, 180-ге тарта саудагердің тауарлары түгел жанып кетті. Одан бері үш күн өтсе де, қызыл жалынның неден тұтанғаны әлі анықталмапты. Ал кәсіпкерлер базарды әдейі өртеп жіберген дейді.
Жүрсім Жүсіпова, саудагер:
- Қазақстанда қасақана өртеу сәнге айналды ғой. Алматыда, Түркістанда, Шымкентте әдей жақты. Енді Ақтауға келмесін деп едік....
Алапат өртті ауздықтауға 100-ден астам адам мен 20 шақты техника жұмылдырылған. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды екі сағат бойы арпалысыпты. Ал саудагерлер олардың су таппай сабылғанын айтады. Соның кесірінен базардың басым бөлігін жалын шарпып, шаш етектен шығынға баттық деп шырылдап отыр.
Сәндігүл Елемесова, саудагер:
-Кеше ғана бір жарым миллион теңгеге тауар кіргіздім. Қыстық затым, жаздық затым да соның ішінде. Күнделікті жеп отырған наным да сол менің.
Бар жиған-тергенін жалын шарпыған жұрт үш күннен бері кімнен көмек сұрарын білмей безілдеп жүр. Тіпті жанайқайларын жеткізу үшін наразылық білдіріп, көшені де жауып тастаған екен. Себебі, көпшілігінің тауарлары түрлі оқыс оқиғалардан сақтандырылмаған. Сондықтан қиын жағдайда қалдық деген олар шығынның тым құрығанда жартысын өтеп беруді талап етуде. Алайда атқамінерлер тек техника бөліп, бүлінген базарды қалпына келтіруге көмектесеміз дейді.
Бауыржан Сапа, Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Әкімшілік тарапынан шамамыз келгенше көмектесеміз. Техника керек болса беруге әзірміз. Қазір жұмыс жоспарын жасап жатырмыз.
Қазір базардың маңы қоршалып, өрттің нақты себептері тексерілуде. Болжам бойынша, от электр желілерінің тұйықталуынан тұтануы мүмкін екен. Сондай-ақ жалпы шығын көлемі де есептеліп жатыр.
Авторы: Диас Нұрақын
Фото: stan.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript