ШҚО-да 64 келі гір тасын еркін көтеретін ақсақал үйінен спорт залын ашқан
Zakon.kz
Кеуде мен аяқтың бұлшық еттерін жетілдіретін жаттығуға арналған, бір орында тұрып салмағы бірнеше пұт гір тастарын жоғары көтеретін снарядтар, басқа да спорт құралдарын ауылды қойып, спорт мектептерінен табу оңай емес.
ШҚО-да 67 жастағы Уәли Нұрқасынов үй ішінен спорт залын ашып, спортпен шұғылданады. Сіздерді ерекше бір азаматпен таныстырғым келеді. Ол өз үйінде спорт залын ашып алған, соңғы бірнеше жылда ауыл балалары топырлап жиналып, жаңашыл азаматтың нұсқауымен неше түрлі жаттығулар жасайды, күндіз-түні зілтемір, гір көтеріп, спорттың қыр-сырына үйренуде, – деген еді Аққайнар ауылдық округінің бас маманы Серікхан Құрманов, деп жазады stan.kz, Дидар газеті жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
Осы ұсыныстан кейін ойланып жатпастан Уәли Нұрқасыновтың үйіне тартып кеттік. Мығым денелі, өзіне жарасымды сақал жіберген Уәкең бізді есік алдынан қарсы алды. Кең дәліз арқылы түпкі бөлмеге енгенде, өз көзімізге сенбедік, дене жаттығуларын жасайтын турник, жүгіруге арналған арнайы жабдық, 32, 24,16 пұттық гір тастары, отырып, түрегеліп тұрып жаттығулар жасайтын құралдар қаз-қатар тізіліп тұр. Адам денесінің сымбатты болуына, бұлшық еттерінің бұлт-бұлт ойнап, күшті болуына ықпал жасайтын неше түрлі жаттығулар жайлы жазылған мақалалар мен журнал қиындылары бір бұрышқа ілініпті.
“67 жыл бұрын Аққайнар ауылында тудым, осындағы орта мектепті бітірген соң, еңбекке араласып кеттім. Орман шаруашылығында қызмет етіп, 9 жыл бойы омарта ұстадым. Он шақты жыл Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркінде инспектор болып жұмыс істедім. Екі жыл болды, қазір зейнеткермін, жұбайым Сайлаугүл ұзақ жыл мектепте ұстаздық етті, Бақыт, Саян деген ұл-қыздарым, үш немерем бар”, – деп Уәкең өмір жолын қысқаша айтып берді.
Бұдан кейін Уәкең спортпен бала кезден шұғылданғанын, азаматтық борышын атқарып жүрген кезде гір тастары мен штанга көтеріп, бірнеше рет жарыстарға қатысқанын айтты. Табиғаты тамылжыған тайгада әскер қатарында болған аққайнарлық азамат елге оралған соң өзі ұнататын спортты қимай, жалғастырған сыңайлы. Алдымен гір тастарын сатып алады. 32 келілік қос гірді еш қиналмастан бірнеше рет көтеру спорт жанашырына қиындық туғызбайды. Ал қысы-жазы үйден шықпай жүгіруге арналған құралды сиырын сатып, сол ақшаға алыпты.
“Адам ағзасы 100 жыл, тіпті одан да ұзақ өмір сүруге шыдас береді. Ол үшін не істеу керек? Арақ пен шылымды ұмытып, күніне таңертең тұра сала дене жаттығуларын жасау қажет, кем дегенде 5-6 шақырым жүгірген адамның денсаулығы мықты болып, ұзақ өмір сүретіні белгілі. Мен жаттығуды күн сайын жасаймын, ауа райы қолайлы кезде далаға шығып жүгірсем, көк тайғақ, жаңбырлы күні үйдегі құралға шығып алып жүгіремін. Ауыл балалары арманшыл ғой, болашақты Илья, Жасұлан сияқты атақты ауыр атлет болғысы келеді. Олар біздің үйге күн сайын келеді, жаттығу жасайды, ол үшін көк тиын алмаймын. Далада қаңғып, арақ ішіп, шылым шеккенше, спортпен айналысқаны қандай ғанибет! Аққайнар ауылынан болашақта Әлем чемпиондары шығып жатса, таңғалмаңыздар”, – деп Уәкең ағынан жарылды.
Кеуде мен аяқтың бұлшық еттерін жетілдіретін жаттығуға арналған, бір орында тұрып салмағы бірнеше пұт гір тастарын жоғары көтеретін снарядтар, басқа да спорт құралдарын ауылды қойып, спорт мектептерінен табу оңай емес. Шағын ғана ауылда тұрып жатқан Уәли Нұрқасыновтың спортты серік етіп, ауыл балаларын тәрбиелеп жатқаны ерлікке тән іс емес деп кім айта алады?
Фото: didar-gazeti.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript