З.Бәлиева: балалардың 22 пайызының денсаулығы дімкәс
Zakon.kz
Депутаттың айтуынша, Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң мәлiметi бойынша соңғы жылдары балалар мен жасөспiрiмдердің денсаулығы нашарлап кеткен.
Мәжiлiс депутаты Зағипа Бәлиева оқушылардың арасында түрлi дерттердiң көбейiп кеткенiне алаңдаулы. Оның айтуынша, балалардың денсаулығы нашарлап барады. Сондықтан ол бүгiн Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, барлық стандарттарды қайта қарайтын арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды, деп хабарлайды Baq.kz.
Депутаттың айтуынша, Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң мәлiметi бойынша соңғы жылдары балалар мен жасөспiрiмдердің денсаулығы нашарлап кеткен. Соңғы бес жылда оқушылардың ауруға шалдығуы 22 пайызға өскен.
«Анемияның таралуы 2,5 есе, тыныс алу органдарының аурулары 1,5 есе, эндокриндiк аурулар 1,4 есе, жүйке жүйесi аурулары 1,5 есе, улану 1,2 есе өскен. Ең көп таралған аурулардың бiрi – омыртқаның қисаюы. Оқушылардың тiрек-қимыл жүйесiнде ауытқулар жиi кездеседi. Омыртқаның қисаюы бала кезде қалыптасады. 6-7 жаста балалардың 13,8 пайызы, 8-13 жаста 14 пайызы, 17 жасқа қарай 15 пайызы, 18 жастағы балалардың 34 пайызы сколиозбен ауырады. Яғни, әрбiр үшiншi бала. Мектеп табалдырығын аттаған кезде көз аурулары 29,2 пайызды құраса, 18 жаста ол алдыңғы қатарға шығып, 70,3 пайызға жетедi», - деп алаңдаушылығын бiлдiрдi депутат.
Осыдан кейiн сколиоз бен көздiң нашар көруi оқушылардың кәсiптiк ауруына айналып отыр деген пiкiрде депутат.
«Сколиоз емделмейдi, сондықтан осыған назар аудару керек. Бұл ауру толық зерттелмеген және оның алдын алу шаралары жоқ. Бұл ауру партада дұрыс отырмағандықтан пайда болады. Әсiресе, парта дұрыс орнатылмай, баланың бойына сәйкес келмеген жағдайда шалдығады. Балалар таситын ауыр сөмкелердiң, гаджеттердiң де зардабы бар», - дейдi З.Бәлиева.
Оның айтуынша, Үкiмет, Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң құрамында 40-тан астам ғылыми институт бар. Олар, депутаттың сөзiнше, бүгiннен бастап мектепке қатысты стандарттарды қайта қарауға кiрiскенi жөн.
«Өйткенi 22 пайыз баланың денi сау болмауы дегенiмiз - үрейлi көрсеткiш. Бұл бiздiң болашақ ұрпаққа қатысты. Бүкiл мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiретiн жұмыс тобын құрып, мектепте оқушыларға тамақ беру, мектептегi қондырғылар, мектеп гигиенасы, киiм, спортқа және өзге де балалардың денсаулығы мен қауiпсiздiгiне қатысты стандарттар мен құрылыс нормалары мен ережелерiн қайта қарау керек», - деп тұжырымдады депутаттық сауалын З.Бәлиева.
Айымгүл Әбілева
Фото: Baq.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript