ОҚО-да облыс бюджеті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталмақ
Zakon.kz
Кезектен тыс сессия отырысы барысында өз саласында үздік атанған бірқатар азаматтар «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының Грамотасымен наградталды.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс оныншы сессиясы өтті. Халық қалаулыларының 2017 жылы өткен алғашқы жиынының күн тәртібінде 4 мәселе қаралып, бір ауыздан бекітілді. Жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, облыстық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қаралып, нәтижесінде облыстың 2017 жылғы бюджеті 489,4 млрд. теңге болып нақтыланды. Оның 84,4 млрд. теңгесі облыс қазынасына республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер мен кредиттер ретінде беріліп отыр.
Сессияда сөз алған облыс әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді дамыту бойынша берген нақты тапсырмаларын орындау аясында осы жылдың қазына қаржысы бірінші кезекте өңір халқының әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталатынын жеткізді.
Нақтырақ айтқанда, білім беру саласындағы 33 нысанның құрылысын жүргізуге 19,4 млрд. теңге, денсаулық сақтау саласындағы бірқатар аса қауіпті ауру түрлерін емдеуге дәрі-дәрмектер алу үшін 39,6 млрд. теңге бөлінеді.
Бұдан бөлек, Ж.Түймебаев әлеуметтік қамсыздандыру саласына 8,6 млрд. теңге бағытталатынын айтып, «Өрлеу» жобасына 5,1 млрд. теңге бөлінетінін айтты.
Биылғы бюджет жоспарында жылумен қамтамасыз ету саласы мен инженерлік-коммуникациялық жүйелерді реттеу, сумен қамтамасыз ету саласын дамыту, кәріз жүйелері, жолдарды қайта құру жұмыстары, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін кредит беру жұмыстары да бар. Сондай-ақ, биыл «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 1,1 млрд. теңге бағытталып, 300 маман баспаналы болады деп жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, сессия отырысында өңірімізге еңбегі сіңген 25 азаматқа «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсыныс жаппай қолдау тапты. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жеке арызын берген облыстық мәслихаттың бүгінде экс-депуттарына айналған Б.Жамалов, М.Егізбаев, М.Оразәлиевтердің депутаттық өкілеттілігі тоқтатылды.
Кезектен тыс сессия отырысы барысында өз саласында үздік атанған бірқатар азаматтар «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының Грамотасымен наградталды.
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript