Қарлы боран ақтөбеліктерді әбігерге салды
Zakon.kz
Ақтүтек боранның салдарынан кеше Ақтөбеден Астана мен Ақтауға ұшып кетуге тиіс болған рейстер тек бүгін ғана ұшты.
Қарлы боран ақтөбеліктерді әбігерге салды. Қаладан шығатын тас жолдардың бәрі жабылып, салдарынан жүздеген жолаушы кішкентай балаларымен діттеген жерлеріне жете алмай, далада қалды. Қала сыртындағы тас жолдардың бірінде бірнеше автокөлік бір-біріне соғылып, бір шақырымға жуық аумақта көлік кептелісі болған. Бұл туралы 31 телеарна хабарлады.
Ақтөбеде кеше кешке басталған қарлы боран өңірдегі қозғалысты бір - ақ сәтте тоқтатты. Республикалық, облыстық маңызы бар тас жолдар түгелдей жабылып, әуежайдағы ұшып келуге және ұшып кетуге тиіс ұшақтар қабылданбады. Түк көрінбейтін қарлы дауылдан қала сыртында бірнеше автокөлік біріне бірі соғылып, жолдағы қауіпті одан сайын күшейтті. Соның салдарынан қала сыртындағы тас жолдарда бір шақырымға дейінгі аумақта көліктер кептелісте тұрып қалған
18 жыл бойы жол үстінде жүрген Игорь Залепятксий кеше боранда қалаға жете алмай, далада қалғандардың бірі. Қала арасында зат тасумен айналысатын жүргізуші Ақтөбеге кеше келуі тиіс болған екен. Боран оны бір күнге кешіктіріпті. Айтуынша, мұндай жағдай биылғы қыста бірінші рет болып отыр.
Игорь Залепятский, Жүргізуші:
- Ақтөбеге кеше келу керек едім. Міне тек қазір жетіп тұрмын. Байқоңырдан келе жатырмын. Арал қаласына дейін таза болды жол. Ырғыздан кейін боран басталды. Жолда түк көрінбеді. Қарабұтаққа дейін әрең жеттім. Сол жерден жол жабылды. Сол жерде машинада түнеп шықтық. Теңертең боран сәл басылған соң жолды ашты.
Төтенше жағдайлар департаменті ақтүтек боранда далада қалып қойған адамдар мен көліктердің дер кезінде құтқарылғандарын айтады. Олар жақын маңдағы елдімекендер мен жылыту пункттеріне жеткізілген. Абырой болғанда қайғылы жағдай тіркелмепті.
Динара Атыраубаева, Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Алға қаласынан Есет батыр ауылына бара жатқан жолда 7 жеңіл автокөлік және 1 микроавтобус қар құрсауында қалды. Алға аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің күшімен 53 адам, оның 6 бала құтқарылып, өздері сол Есет батыр ауылына жеткізілді. Қазіргі кезде көлік құралдарын қардан шығару жұмыстары жүргізілуде.
Ақтүтек боранның салдарынан кеше Ақтөбеден Астана мен Ақтауға ұшып кетуге тиіс болған рейстер тек бүгін ғана ұшты.
Фото: Today.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript