Биыл Алматыда бірден 3 жолайрық салынады
Zakon.kz
Биыл тағы Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерінің қиылысына, сондай-ақ кептеліс көп орын алатын Құлжа күре жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысында үлкен жол көлік айрығы салынады.
Биыл Алматыда бірден 3 жолайрық салынады. Маңызды магистральдар Емцов-Рысқұлов, Сейфуллин-Жансүгіров көшелерінде, сондай-ақ кептеліс көп орын алатын Құлжа күре жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысында тұрғызылады. Бұған қоса, осы жылы шаһардың 3 көшесі ұзартылып, 34 көше тақтайдай тегіс етіледі, деп жазады Алматы телеарнасы.
Бұл Алматының Емцов көшесімен күнделікті қатынайтын көлік жүргізушілерінің зар мұңы. Олар талайдан бері жөндеу көрмей, шұрқ тесілген көшенің жағдайына наразы. Жолдың бір бөлігінің тозығы әбден жеткен. Сондықтан тізгіншілер бір жолаққа таласып, ұзын-сонар кептеліске тұрады екен.
Ақжолтай ақпарды жергілікті билік өкілдері жеткізді. Олар мамыр айынан Емцов көшесі мен Рысқұлов даңғылының қиылысында жолайрық салу жұмыстарын бастамақ.
«Жоба бойынша Емцов көшесі эстакада арқылы өтетін болады. Эстакада арқылы өтіп, осы аймақта солға бұрылатын және оңға бұрылатын кірме жолдар толығымен қарастырылған. Сондай-ақ бұл жоба бойынша жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін алдын алу мақсатында жер үсті жаяу өткелі қарастырылған», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Биыл тағы Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерінің қиылысына, сондай-ақ кептеліс көп орын алатын Құлжа күре жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысында үлкен жол көлік айрығы салынады. Құрылыс жұмыстары 2019-да аяқталып, қолданысқа берілмек. Биыл қала көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін 7 млрд теңге бөлінді. Сәуірден бастап, бірінші кезекте 34 көшені тақтайдан тегістеу көзделуде. Олардың 14-і магистралді болса, қалғаны аудандық маңызы бар жолдар. Олардың қатарында Абдуллиндер көшесін, Бөгенбай батырдан Мақатаевқа дейінгі аралықта, Боралдай көшесін Ержанов көшесінен Қапшағай тас жолындағы жолайрыққа дейін жаңарту жоспарланыпты.
«Ағымдағы жылы біз жоғары жақтағы Жандосов көшесін сСйын көшесінен бастап, Таусамалы ауылына дейін жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланып отыр. Бұл кезде Жандосов көшесі кеңейетін болады, 4 жолақты болып. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолдары, арықтарды салу және бордюрларды қою қарастырылған», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Осы жылы көшелерді ұзарту жұмыстары да жоспарға сай атқарылады. Мәселен, Абай даңғылын Момышұлынан бастап, батыс шекарасына дейін ұзарту жоспары бойынша бірінші кезеңге қойылған Наурызбай ауданындаға ірі тас жолдың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ол - Абай даңғылының батыс бөлігіндегі жалғасы болмақ. Ұзындығы 1 шақырымнан асатын жаңа торап ауданның жаңа әкімшілік ғимараты маңынан өтеді.
Бұған қоса биыл тағы 2 көше ұзартылады. Жоспар бойынша, Фурманов көшесін Райымбек даңғылынан Жансүгіров көшесіне дейін, сондай-ақ Хмельницкийді Сүйінбай даңғылынан бастап, «Жас Қанат» ықшам ауданына дейін созу қолға алынбақ. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев
Фото: motor.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript