Лента новостей
0

13 жаста тұрмысқа шыққан анаға 51 шөбересі тосын сый жасады

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 09.03.2017 16:29 Zakon.kz
14 құрсақ көтерген Дәли ханымға «Батыр ана» алқасын елбасымыздың өзі табыстаған екен. Ол күміс алқа иегері де атанған.
Отасқандарына 67 жыл толған жұбайлар барша қазақстандық қыз-келіншекті 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Мұнымен қатар, бүгінде 47 немере, 51 шөбере сүйіп отырған әже шөбере келінімен бірге қара шаңырақта дастархан жайып, балаларын қонақ етті. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Егізбаев Серғазы Егізбайұлы 1928 жылы Қазалы ауданы Бөзкөл ауылында дүниеге келген. 1932 жылы байларды қудалауға ұшырап Қарақалпақстанға көшіп баруға мәжбүр болады. Әкесі сол жерде әкім, ел арасында беделі бар сынықшы болған. Өзі Мақтапункт аймағында көп жылдар бойы бас есепші қызметін атқарған. 1951 жылы Есбергенова Дәли ханыммен отбасын құрады. Жұбайы бұл уақытта небәрі 5-сынып оқып жүрген екен. Ол бастапқыда отбасылық өмірге үйренісе алмай, бір жыл бойы енесінің жанында ұйықтаған.

«Оқып жүрген шағымда Серғазы екеуіміз бір-бірімізге ғашық болдық. Осылайша мектепті жарты жолдан қалдырып, отбасын құруға шешім қабылдадым. Бір-бірімізден айырылып қалармыз деген қорқыныш та болды. 1952 жылы алғашқы перзентіміз дүниеге келді. Мен 13 жаста едім. Ол заманда ерте тұрмысқа шығу – қалыпты нәрсе болатын. Қазір кенжеміз Жамбылдың қолындамыз. Қалған балаларымның үйі де, жайы да бөлек. Өзім жалпы 14 құрсақ көтердім. Оның тоғызы – ұл, төртеуі – қыз. Арасында біреуі шетінеп кетті. Араға екі жыл салып баланы туа бердік. Аталарың отбасын құрған шақта оқуын бітіріп, есепші болып жұмыс істеді», – дейді Дәли ханым.

Алдымен, қариялардың тұңғыш қыздары Қазақстанға көшіп келген. Оның ізімен тағы бірнеше бала Отанға оралып, артынша ата-аналарын да алдырады. Дәл қазір Қарақалпақстан және Өзбекстан елінде Серғазы қарияның үш баласы тұрып жатыр. Олар да ара-тұра Отандарына келіп тұрады екен.

«Бұларды сағынсық та, Қазақстанға көп келе алмаймыз. Қай жерде тұратындарын білмейміз. Әр келген сайын адасып жүре береміз бе деп көшіп келдік. Ата-енемнің қолында 25 жыл тұрдым. Бес-алты баламды солар бақты. Күнделікті тұрмысқа ақша керек болғандықтан, өзім наубайханаға жұмысқа кіріп кеттім. Ол жерде 16 жыл істедім. Зейнетке шыққан соң осы жерге көшіп келдім. Ата-енемнің тамағы мен шайы менің мойнымда болды. Қазір үлкен келіндерімді бөлек шығардым. Әрқайсысының жеке өмірі бар. Қолымда кішкене кенже балам отыр. Оның әйелі де – мен секілді «Батыр ана». Бүгінде 6 бала тәрбиелеуде. Ешуақытта балаларым мен келінімнің арасына түскен емеспін. Олардың ренжіскен кезін де көрмегенмін», – дейді қария.

Серғазы қария отбасын құрарда әйеліне бірнеше жас қостырып құжат жасатқан. Айтуларынша, ол заманда да оқушыға үйленген азаматтар сотталып кетуі мүмкін болған. Некелі жұбайлардың туған күндері наурыз айында. Осы орайда, балалары мол дастархан жайып, олардың мерейтойларын дүркіретіп атап өтті. Әкелеріне шапан, аналарына ақ жаулық жауып, қолдарына алтын тақты. Армандарын әлі де орындай түсуге уәде етті. Бүгінде он төрт құрсақ көтерген кейуананың 47 немересі мен 51 шөбересі бар. Олар «Бұл жалғанда орындалмаған арманымыз жоқ» дейді. Мұнымен қатар, жас кезінде өзі жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетті.

«Дәл осындай балаларымның барына мың шүкір. Ұлды ұяға, қызды қиға қондырып болғандықтан, мен бақыттымын. Өзімнің құрдастарымның шетел аралап жүргенін білемін. Алайда бізге көп жүру қиынға соғып жатыр. Сол себепті, әлемді шарлағым келеді деп айтпаймын. Жас кезімде қазақ үй тіктім. Өзім киіз тоқыдым. Ұршықты да өзім иірдім. Қара үйдің бар тіршілігі мойнымызда болды. Түйені де, биені де саудық», – дейді Дәли ханым.

Бүгінгі мерейтойға Қарақалпақстаннан да қонақтар келген-ді. Олар әннен шашу шашып, жылы лебіздерін жеткізді. Мұнымен қатар, қариялардың балалары өздерінің де өнерден кенде еместігін көрсетті. Ортаншы ұлы кезінде біраз уақыт Алтынбек Қоразбаевтың тәрбиесінде болған-ды. Мұнымен қатар, Дәли ханымның туған қайын сіңлісі оларға деген жылы лебізін жеткізді. Кейуана алғаш келін болып түскен жылдары қайын сіңілдерімен ойнап кететін болған екен.

“Олардың отасқандарына биыл 67 жыл толып отыр. Мен 1-сыныпта оқып жүрген кезде жеңгем келін болып түсті. Екеуі анам мен әкемнің орнын басты десем де болады. Қашан келсем де, құшақтарын жайып қарсы алып, барын дастарханға қойып, қалғанын сөмкеме салып көтертіп жіберетін. Өзім Алматыда тұрамын. Менің де 10 балам бар, шөбере сүйіп отырмын. Жеңгем менің әке-шешеме керемет қызмет қылды. Балаларының барлығы тәртіпті. Әке-шешесінің әрбір айтқан сөзін жерге тастаған емес. Тіпті, аға-жеңгем болашақ келіндерін өздері таңдап отырды. Келіндері де өте тамаша жандар. Алдыларын кесіп өткен емес. Мұның барлығы әкем Егізбай мен шешем Дүрияның арқасы деп білемін. Бұл жасқа келген де, келмеген де бар. Қалған бала-шағасына осы ағам мен жеңгемнің жасын берсін. Оларды бақытты адам деп санаймын. Дүниежүзіндегі әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын. Елімізде тек тоқшылық пен тыныштық болсын. Балаларымыздың қарым-қатынасы жақсы болғай!» – дейді Күләш Егізбаева.

Бұдан кейін Күләш ханым сүйікті жеңгесіне алып келген сыйын табыстады. Ал Дәли ханым өз кезегінде қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтап, оларға әрдайым сүйіктілерінің көңілін таба білуге кеңес берді.

«Адамды шын сүйсең, оның көңілі әрдайым маңызды. Ол үшін алаңдап, Жаратқаннан тоқ жүруін тілейсің. Сол секілді мен де шалымның көңілін табу үшін барлығын жасадым. Ер азаматқа жағу үшін оның ең сүйікті астарын дайындай білу қажет. Келіндерімнің құлақтарына алтын сырға. Ал барша қазақстандық қыз-келіншектерді бүгінгі мерекесімен құттықтаймын. Ұзақ ғұмыр тілеймін. Ең бастысы, өмірлерінің әр тағаты мәнді де мағыналы өтсін. Денсаулықтары мықты болып, әрқайсысы әйел бақытын сезініп, көп бала ана атансын», – дейді Дәли ханым.

14 құрсақ көтерген Дәли ханымға «Батыр ана» алқасын елбасымыздың өзі табыстаған екен. Ол күміс алқа иегері де атанған. Той соңында немере-шөберелері ата-әжелеріне ән арнап, естелік суреттерге түсуге асықты. Мұнымен қатар, Дәли әжей өзінің шөбере келінімен қосылып наурыз көже әзірледі. Ол кісінің айтуынша, наурыз көже дәмді болуы үшін көп уақыт сақталған қазыны пайдалану қажет екен.

Фото: stan.kz
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: