Алматыда 165 мың адам тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрып үлгерген
Zakon.kz
Тіркеусіз жүргендерге полиция қызметкерлері алдағы сәуір айынан бастап шара қолдануы мүмкін.
Уақытша тіркеу басталғалы Алматыда 165 мың адам тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұрып үлгерген. Тұрғындардың дені - Алатау, Әуезов және Бостандық аудандарын таңдап жатыр екен. Мәселен, бір ғана Алатау ауданына 39 мыңнан астам адам уақытша тіркеліпті. Ал, жыл басынан бері алып шаһарға жалпы тіркелген азаматтардың саны 249 мыңнан асқан, деп жазады Алматы телеарнасы.
Олардың 54 мыңы - тұрақты түрде тіркеуден өтсе, қалғаны уақытша орныққан. Ал, тіркеусіз жүргендерге полиция қызметкерлері алдағы сәуір айынан бастап шара қолдануы мүмкін. Десе де, кей санаттағы адамдардан тіркеу талап етілмейді. Мәселен, үйін жаңа тұрғызып, әлі құжатын рәсімдеп үлгермеген тұрғындар уақытша тіркеуден босатылады.
«Азаматтарды тіркеуге қатысты мәселені айта кетейін. Жаңадан салынған үйлердің тиісті құжаттары дайын емес, сол себепті осындай үйлерде тұрып жатқан азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркеле алмайды. Осы жағдайға байланысты біз Жоғары сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігімен арнайы шешім қабылдадық. Жаңадан салынған үйлерде тұрып жатқандарды жауапкершілікке тарту дұрыс емес. Осы шешімге сәйкес, облыстардағы көші-қон полициясы бөлімшелеріне тиісті түсініктемелер берілді», - деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Садубаев.
Бұған қоса 16 жасқа толмағандар мен ем қабылдап жүрген науқастар да тіркеуді қажет етпейді. Үкімет қаулысының жобасына толықтыру енгізіліп, уақытша тіркеуге жатпайтын азаматтардың санаты бекітілген екен. Бұл тізімге вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар мен әскердегі сарбаздар да кірген.
Фото: ca-news.org
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript