ОҚО-ДА 1,5 мың шақырымға жуық жергілікті маңызы бар жолдар мен ішкі көшелер жөнделеді.
Zakon.kz
Оңтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 21 166,8 шқ. құрайды.
ОҚО-ДА 1,5 мың шақырымға жуық жергілікті маңызы бар жолдар мен ішкі көшелер жөнделеді. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт мәлімдеді. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында ұйымдастырылған жиында басқарма басшысы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 2016 жылдың қорытындысымен 3 816,2 шқ. немесе 64% құрағанын айтып, осы көрсеткішті жақсарту мақсатында алдағы 2017-2018 жылдары 1 мың шақырымнан астам (1042,3 шқ.) тек облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Бұл туралы zakon.kz, ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, өңірдегі барлық аудан, қалалардағы облыстық маңызы бар жолдар жөнделеді. Соның ішінде, басымдылық көрсеткіші төмен Мақтаарал, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек аудандары мен Түркістан қаласында құрылыс-жөндеу жұмыстарының негізгісі жүргізіліп, облысымыздың автомобиль жолдары саласындағы индикаторды жоғары деңгейге жеткізуге үлкен мүмкіндік беретін болады.
«Мәселен, Бәйдібек ауданында 251 шақырымды құрайтын жолдарға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда аудан үшін жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Сол сияқты, Қазығұрт ауданында 158,6 шқ., Мақтааралда 119,7 шқ., Түркістанда 112,7 шқ., Сайрамда 97,8., Түлкібаста 68,7 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары басталады. Мұндай жұмыстар өңіріміздегі өзге де аудан, қалаларда жүреді», - деді Нұрлан Мархабатұлы.
Мұнан бөлек, тілшілермен болған кездесуде спикер облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы көпірлерге де тиісті назар аударылып жатқанына тоқталды. Айтуынша, өңіріміздегі 410 көпірдің 289-ы қанағаттанарлық жағдайда, 121-і жөндеуді қажет ететін жағдайда болса, биыл оның 16 көпірі жөнделіп, оған қоса 13 көпірдің құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттар әзірленбек.
Жалпы, облысымыздағы жалпыға ортақ пайдаланымдағы облыстық және аудандық автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 5 962,1 шқ. құраса, оның жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 2017 жылы 64%-дан 64,4 %-ға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы 2021 жылға дейінгі меже – 71,2% дейін жеткізу жоспарлануда.
Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 21 166,8 шқ. құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар 837 шқ., облыстық маңызы бар 4 330,3 шқ., аудандық маңызы бар жолдар 1 631,8 шқ., елді-мекен көшелері 11 556,7 шқ., Шымкент қаласы көшелері 2 810,9 шақырымды құрайды.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript