ОҚО әкімі іссапармен Өзбекстанда болды
Zakon.kz
Тамыры бір туысқан елдердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілуі шекаралық өңірлердің әлеуметтік ахуалына оң ықпалын тигізері анық.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған жұмыс тобы Өзбекстан Республикасына барды. Делегация құрамында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және индустрия, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласына жауапты өкілдер болды. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Шекаралық аймақтағы қазақ-өзбек қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында ұйымдастырылған іссапар барысында оңтүстікқазақстандық делегация мүшелері ел астанасы – Ташкенттің сәулеттік сәнімен танысып, инфрақұрылым жүйесіне мән беру, ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесін бөлісу, бауырлас елдің мәдени-рухани байланысын нығайтып, ондағы қандастарды сан салада қолдау мәселелеріне назар аударды.
Аймақ басшысы бастаған жұмысшы топ іссапар кезінде, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл және су шаруашылығы министрі Заир Мирзаевпен кездесті. Сөз басында Премьер-министр орынбасары – Ауыл және су шаруашылығы министрі облыс әкімінің Ташкентке арнайы жұмыс сапарымен келгеніне алғысын білдіріп, елдің Тәуелсіздік алған жылдардан бергі әл-ауқатын көтерудегі жетістіктері мен оны одан әрі дамыта түсудегі жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде, сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы Оңтүстік Қазақстанда өмір сүретін өзбек ұлттарына жасалған жағдайдың бірқатарын баяндап, туысқан елмен арадағы байланысты түрлі бағытта дамытуға ниетті екенін жеткізді.
«Оңтүстік Қазақстан облысын Өзбекстанда жақсы дамыған жеңіл өнеркәсіп, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктер қызықтырады. Аталған салаларда тәжірибе алмасып, бірігіп еңбек етсек, қос мемлекетке де тиімді жобалар жүзеге асады деген сенімдемін. Мәселен, Сіздерде жасап шығарылатын ауыл шаруашылығы тракторларын сатып ала алып, Өзбекстанның сауда үйін ұйымдастыруымызға болады. Немесе, арнайы жұмысшы тобын құрып, шекаралық аймақтағы кейбір мәселелерді реттеуге атсалыссақ деген ұсыным бар. Өтйкені, Қазақстан Сіздер үшін өзге мемлекеттерге шығатын қақпа іспеттес. Мәселен, өткен жылдың өзінде, 9 млн. 400 адам қазақ-өзбек кеден бекетінен өтіп, өзге елдерге бет алыпты. Сондықтан, Оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасы барлық салада мүмкіндіктерін біріктіруі керек деп есептеймін», - деді Ж.Түймебаев.
Вице-премьермен болған отырыста өңір басшысы қос мемлекеттің туризмді дамытудағы ортақ мүдделері мен шекаралық аймақта орын тепкен ОҚО аудандарының ауыз су мәселелерін де талқыға салды.
Осы ретте, айта кеткен жөн, Оңтүстік Қазақстаннан Өзбекстанға экспортталған тауарлардың құны былтыр 274 млн. АҚШ долларын құраса, аталған республикадан өңірімізге импортталған өнімдердің қаржысы 375 млн. АҚШ долларына жеткен.
Өзбекстанға сапары кезінде, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Ташкент қаласының әкімі Рахманбек Усмановпен кездесті.
Өзара әңгімеде шаһар басшысы Ташкенттің күнгей аймағымен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарының нығайып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, кәсіпкерлік саласындағы жетістіктеріне тоқталды. Айтуынша, Өзбекстан астанасында бүгінде 55 мыңнан астам кәсіпорын шағын және орта кәсіп аясында жұмыс істесе, оның басым бөлігі қызмет көрсету саласы мен өнеркәсіп үлесінде екен. Қалада жыл сайын бизнес бастап, ісін жолға қойып жатқан кәсіпкерлер көбейген. Мәселен, жыл басынан бері бір ғана Ташкенттің өзінде 2,5 мыңға жуық кәсіпорын ашылып, жұмысын бастап кетіпті.
Сөз кезегін алған аймақ басшысы Ташкенттің сәулеттік сәні жағынан сұлу қалалардың біріне айналғанын тілге тиек етіп, бірқатар жобаларда бірлесе жұмыс істеуге дайындығын мәлімдеді. Мұндағы шаруалардың ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріне тәнті болған әкім көрші елдің үздіктерін өңірімізге арнайы шақырып, сәуір айының соңына қарай Оңтүстік Қазақстанда өзбекстандық тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастыру бойынша келісімге келді.
Жалпы, Өзбекстанға жасалған екі күндік іссапар кезінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған делегацияны Ташкент облысының әкімі Шукрулла Бабаев түрлі салалардағы жұмыстарымен таныстырып алып жүріп, ондағы трактор шығаратын зауытты, жеміс-жидектерден құрғақ өнім дайындайтын өндіріс орындарын, табиғи тас алатын карьерді көрсетті.
Сонымен бірге, оңтүстікқазақстандық топ мүшелері туысқан елдегі Жоғарғы Шыршық ауданы мен Алмалық қаласында болып, ондағы қандастарымыздың наурыз дастарханынан дәм татты. Өзбекстандық қазақ жастарын елімізге шақырып, жоғары білім беру, мәдени-рухани байланысты арттыру сынды мәселелерде жан-жақты қолдаулардың болатынын жеткізді.
Тамыры бір туысқан елдердің қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілуі шекаралық өңірлердің әлеуметтік ахуалына оң ықпалын тигізері анық. Қос тараптың өкілдері де келіссөздер барысында мұны айқындай түсіп, ортақ мақсатқа бірлесіп жұмылатын болып тарқасты.
Фото: ontustik.gov.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript