Петропавлда сырқат балалар аурухана дәлізінде ем қабылдауға мәжбүр
Zakon.kz
Бөлімшеге күніне орта есеппен 15-20 бала түседі.
Петропавлда балаларды жұқпалы аурулардан емдейтін бір ғана бөлімше бар. 85 орынға шақталған емдеу мекемесі сырқаттардың барлығына орын тауып беруге қауқарсыз. Ауру балалар дәлізде жатып ем қабылдауға мәжбүр, деп хабарлайды Baq.kz.
Жыл сайын қыс және көктем айларында жұқпалы аурулардың белең алатыны белгілі. Солтүстік Қазақстан дәрігерлерін қыс бойы жедел респираторлық вирустық жұқпа біраз әуреге салды. Балабақшалар мен мектептер карантинге жабылды. Наурыз айының басынан энтеровирустық жұқпаға шалдыққан балалар саны артып отыр.
«Балам сырқаттанып, ауруханаға жатуымызға тура келді. Дәрігерлер өз міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Абырой болғанда ұлым екеумізге палатадан орын бұйырды. Көп балалар дәлізде жатыр. Емделушілер көп. Бөлімше ыстық. Оның үстіне бүгін күні бойы қабырғаны перфаратормен тесіп жатыр. Қара шаңның арасында отыруға тура келді», – дейді жас ана Наталья Аитова.
Бөлімшеге күніне орта есеппен 15-20 бала түседі. Әрқайсысының диагнозы әртүрлі. Солай бола тұра, барлығы бір дәлізде жатыр. Кереует жетпегендіктен орындықтарда жатқан балалар да бар.
«3-ші қалалық аурухана жанындағы балалар жұқпалы ауруларының бөлімшесі 85 орынға шақталған. Қазір мұнда 82 бала ем қабылдаса, 65 ана бала күтімімен жатыр. Кереует жетпейді. Дәрігерлерге де оңай соғып тұрған жоқ. Ғимарат 1967 жылы салынған. Бөлімшеде қабырға көгерген соң, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болып отырмыз. Басқа шара жоқ», – дейді Петропавл қалалық 3-ші аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Руслан Тасов.
Бұл мәселеге байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасындағыларға бірнеше мәрте хабарласып көрдік. Жарық әрі жайлы кабинетте отырған шенеуніктер дәлізде ем қабылдап жатқан балалардың жағдайын қайдан түсінсін? Бұл мәселе жайында жұмған аузын ашпады.
Эльмира Кәленова
Фото: Baq.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript