ОҚО-да азық-түлік жәрмеңкелерінің саны артады
Zakon.kz
Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс аумағында арнайы штабтар құрылып, бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде облыстағы сауда базарлары, сауда үйлері және дүкен басшыларымен 270 меморандумға қол қойылған.
Мұндай тапсырма облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының жетекшілігіне жүктелді. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеу аясында өткен отырыста аталған басқарма басшысының орынбасары Ілияс Оспанов ақпан айындағы тұтыну құнына шолу жасап, бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыстардың тұрақты атқарылып жатқанын баяндады. Мәліметке сәйкес, өткен айда облысымызда жұмыртқа бағасы 4,7%-ға, күнбағыс майы 1,7%-ға, шекер 1,3%-ға арзандаған. Десе де, маусымдық кезеңге байланысты өңірімізде картоп, қырыққабат және пияз бағасының өсімі байқалыпты.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында облыс аумағында арнайы штабтар құрылып, бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде облыстағы сауда базарлары, сауда үйлері және дүкен басшыларымен 270 меморандумға қол қойылғанын жеткізген басшы орынбасары жыл басынан бері нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан саудаланған 26 азық-түлік жәрмеңкесінің (198 тонна өнім) өткенін айтты. Мұнан бөлек, тұрақтандыру қоры арқылы осы жылдың екі айында 60,2 тонна өнім сатылғанын баяндады.
Сөз соңында Ілия Есетұлы бағаны тұрақтандыру мақсатында алдағы уақытта баға өсімі орын алуы мүмкін шекер, қарақұмық, сәбіз, және макорон өнімдерін тұрақтандыру қоры арқылы сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, картоп пен пияз тауарларының құнын шаруа қожалықтарымен фючерлік келісім түзу бойынша тұрақтандыру көзделсе, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін аптасына 2 рет ұйымдастыру, Шымкентте әлеуметтік дүкендер ашу, көлік логистикалық орталықтың базасында азық-түлік тауарларының көтерме тарату орталықтарын құру және коммуналдық базар ашу жұмыстары таяу арада ұйымдастырылатынын жеткізді.
Айтылған мәліметтерге қанық болған Жансейіт Қансейітұлы бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысына көңілі толмады. Жоспардағы жұмыстардың алдағы уақытта емес, бүгінге дейін атқарылып, жұмыс істей бастауы қажеттігін сынаған аймақ аймақ басшысы азық-түліктің азаятын уақыты – көктем мезгілінде жеңілдетілген бағамен саудаланатын азық-түлік жәрмеңкелерінің санын көбейтіп, шаһардағы адам қарасы көп жүретін 3 нүктеде, аптасына кемінде 3 рет жәрмеңке ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен бірге, базар бағасына тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отыруды жүктеді.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript