Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: Ғұламалар кеңесі пәрменді институт болып қалыптасты
Zakon.kz
Алматыда Бас мүфтиның қатысуымен Ғұламалар кеңесінің ХVI отырысы басталды.
Жиында Ержан қажы Малғажыұлы сөз сөйлеп, бүгінгі жиынға дініміздің дамуына, руханиятымыздың нығаюына зор үлес қосып келе жатқан дін қызметкерлері еліміздің әр өңірінен келіп отырғандығын атап өтті.
- «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан 2013 жылы Ғұламалар кеңесі құрылды. Бүгінде Кеңестің құрамында 17 ғалым жұмыс істейді. Кеңестің негізгі мақсаты – Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұстанымға қатысты туындаған көкейкесті мәселелерді талқылап, дер кезінде шешімдер шығару, пәтуалар мен тұжырымдамалы құжаттар қабылдау. Кеңес құрылғаннан бастап пәрменді мекеме институт болып қалыптасты. Кеңестің бүгінгі күнге дейін өткен 15 отырысында 100 аса мәселе қаралып, 14 тұжырымдамалы құжат қабылданып, 30 діни термин түзетіліп, 42 пәтуа бекітілді. Кеңестің талқылауынан өтіп, бекітілген «шариғи», «әлеуметтік», «медицина», «отбасы мәселелері» бағытындағы 20 пәтуа таңдалып, «Пәтуа жинағы» деген атпен бірінші рет кітапша басылып шықты. Ғұламалар кеңесі қоғамдағы түйткілді мәселелерге дер кезінде түсінік беріп, ауқымды жұмыс атқарып келеді. Еліміздегі Ислам діні мен руханияттың дамуына Кеңес сүбелі үлес қосып отыр», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Кеңес отырысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы пәтуа шығаруға байланысты өзекті тақырыптар бойынша ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Ғұламалар үш күнге созылатын кеңесте лизингтің үкімі, кепіл ақша, түсік жасатудың шариғаттағы үкімін талқылап, пәтуа шығарады.
Ғұламалар кеңесінің ХVI отырысына ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Керім, ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров, исламтанушы Алау Әділбаев, Ерсін Әміре, исламтанушы Мұхан Исахан және өзге де дін ғалымдары мен теологтар қоғамдағы діни өзекті мәселелерді талқылауда.
ҚМДБ баспасөз қызметі
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript