"Айғанымдық" адамдар ауылдарынан көшіп кетпек
Zakon.kz
Қар-жаңбырда батпақ, күн жылыда шаңға көміліп жатқан жолды әкімдердің жылда жөндейміз деген құрғақ уәдесінен жалыққан ел ақша жинап, ескі асфальтті өздері төсетіп жатыр.
«Айғанымдық» адамдар ұзақ жыл салған үйлерін жаппай сатып, көшіп кетпек. Алматының іргесінде отырса да жол, су, мектеп, ауруханададан ада қалған халық әкімдердің құрғақ уәдесінен мезі болған. Оның үстіне ішер суға жарымаса да, ауылдың астынан соңғы жылдары жер асты суы шығып, тұрмыстық тауқыметті тіптен қиындатып жіберген. Ал су құбырын жүргіземіз деп көше біткеннің бәрін жырып, ақыры жұмысты шала тастап кеткен мердігер компанияның кесірі онсыз да ашулы халықтың шамына тиіп жатыр, деп жазады Алматы телеарнасы.
«Ай Абылай» мен «Айғаным» атты екі шағын ауданда екі мыңнан астам үй, он мыңға жуық ел тұрады. Қақаған ыстықта шаңға көміліп, ойлы-шұңқырлы көшемен келе жатқан оқушылар мынау. Үлкен ауылда аурухана, мектеп деген атымен жоқ. 700 дей бала мектепке барса, оның 350-і Еркін ауылына, қалғаны Өтеген, Қызыл ту сынды көлікпен ғана жететін елді-мекендерге барып оқуға мәжбүр.
«Міне бала шағаның түрі. Адам сияқты жібереміз, мал сияқты келеді. Киімнен киім жоқ. Әкім бізге келмейді. Ешқандай жиналыс өткізбейді де. Ұяламыз біз. Өз жерімізде отырып бүйтіп тұрып жатқанымызға ұяламыз. Халық ашынып, уже ызасы келгеннен ештеңе айтада алмайды»,- деді Айғаным ауылының тұрғыны, Әсел Құсайынова.
Қар-жаңбырда батпақ, күн жылыда шаңға көміліп жатқан жолды әкімдердің жылда жөндейміз деген құрғақ уәдесінен жалыққан ел ақша жинап, ескі асфальтті өздері төсетіп жатыр. Бір камазы 35 мың теңге тұратын құмды төккізуге бәрінің шамасы жетпейді. Ал осыдан бір жыл бұрын ауыз су тартамыз деп, тендерді ұтқан компания жұмысын жарты жолда тастап кеткен. Тіптен қазылған ор жер астының сасық суына толып, балалар мен сиыр түсіп кететін апанға айналған.
«Осыншама қиыншылық көрдік 8 жылдың ішінде. Балаларда ауыра береді кешке дейін. Не скори жоқ. Не медпунктіміз жоқ. Не дұрыс әкімімізде жоқ дұрыс халықтың алдынан өтіп кететін»,- деді Айғаным ауылының тұрғыны, Болат Сабинов.
Ашынған ел түсіру тобымен бірге округ әкіміне бірақ барды. Халық жиналды деген хатшының хабарынан соң жұмысына жеткен әкім әдеттегіше уәдені тағы үйіп төкті. Айтуынша алып бара жатқан ештеңе жоқ, барлығы бақылауда. Округтің ауыз суын тартуға 544 миллион теңге қарастырылған. Оның қалған 130 миллион теңгесі берілсе былтыр шала қалған жұмыстар биыл бітуі тиіс.
Мыңдаған халық мемлекеттің қаржысы арқылы тартылған электр желілерінің әлі күнге Талғар ауданының айналасындағы адамдардың бизнес көзіне айналғанына налиды. Өркениеттен жырақ қалған жұрт жарықтың әр кв үшін 10 теңгеге қымбат төлейді. Оның үстіне делдалдар әр отбасынан 200 теңгеде қосымша тағы жинайды.
«Былай қарай аудандық ЖКХА қарау керек. Ол өзінің өкілін қойған уақытысында ЭНЕРГОСБЫТ-қа ақшасын төлеп тұру үшін. Балансқа өтпегендіктен сондай тариф болып тұр. Мектепке 1.7 гр жер телімі бөлінген. Мемлекеттік актісі алынған. Біз енді білім бөліміне де, облысқа да бәріне тапсырыс бердік»-, деді Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінің әкімі, Жандос Ясинов.
Ауыз суға жарымасада, жер астынан шыққан лас су тұрмысқа тағы тұсау салып отыр. Аудан, ауыл әкімдерінен қайыр көрмеген ағайын басшылардың күзге дейін бәрі қалыпқа келеді деген бұл жолғы уәдесіне де күмәнданып отыр. Алматының іргесінде отырып өркениеттен ада, коммуналдық қызметтен кенде қалған «айғанымдықтар» азаптан құтылудың жолы ретінде баспаналарын жаппай сатылымға қойып жатыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев
Фото: Алматы телеарнасы
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript