Ақмола облысында Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші ашылады
Zakon.kz
Жоспар бойынша қоладан құйылатын Сәтпаев тастың үстінде тұрады.
Бастаманы Степногорск қаласының басшылығы іске асыруға бел байлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоспар бойынша қоладан құйылатын Сәтпаев тастың үстінде тұрады. Ескерткіштің биіктігі - 7 метр. Оған қоса, 3,6 метрлік тұғыр қойылады.
Ал монументтің өзін қала автовокзалы маңайында орнату жоспарланып отыр. Қаныш Сәтпаевтың ескерткіші маңайында саябақ болады. «Енді, Көкшетауда Шоқан Уәлиханов пен Абылай ханның ескерткіштері бар. Ерейментауда Бөгенбай батырдың алып мүсіні тұр. Ал Степногорскіде ондай ескерткіш жоқ.
Қала кезінде уран мен алтын өндіретін орталық ретінде Сарыарқаның төсінде ашылған еді. Бұл - кеншілердің шаһары, өндіріс ошақтарының қаласы. Сол себепті вокзалдың маңайында орнатылатын ескерткіш дәл осы саланың танымал тұлғасына арналған жөн. Бүгінде Ақмола облысы тау-кен саласының ірі аймағы болып саналады.
Соған қарамастан, бірде-бір елді мекенде Қаныш Сәтпаевқа арналған ескерткіш жоқ. Дегенмен, Қаныш Сәтпаевтың еңбектері негізінде осы өңірде көптеген кеніштер ашылды. Оны да ескеру керек», дейді қала әкімінің орынбасары Гүлнәз Әбілова. Қаныш Сәтпаевтың ескерткішін Қазақстан суретшілері одағының мүшесі, профессор әрі мүсінші Азат Баярлин жасайды. Оның жетекшілігімен Астана қаласында Сәкен Сейфулиннің ескерткіші, Көкшетауда - Абылай хан, Омбы қаласында - Шоқан Уәлиханов ескерткіші және тағы басқа жобалар іске асты.
Бүгінде ол Қаныш Сәтпаевтың ескерткішін Мәскеу қаласында әзірлеуді ұсынып отыр. Себебі, ол жақта қоладан ескерткіш құю кәсібі жақсы дамыған. Жалпы, Степногорск қаласында аталған ескерткішті орнату және соның айналасын абаттандыру жұмыстарына 35,6 млн теңге қарастырылған.
Фото: www.inform.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript