Лента новостей
0

Мекемтас Мырзахметұлы қазақ жастары қандай болуы керектігі жайлы айтып берді

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 18.05.2017 16:07 Zakon.kz
Жазушы-ғалым ұлт бойындағы адамгершілік, мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі жайында да айтты.
Қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керек. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерімен кездесуінде айтты. Бұл туралы zakon.kz, оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Жартығасырлық ғұмырын Қазақ елi, түркi дүниесi, жалпы адамзат баласының ақыл-ойы мен дiлiн һәм кiсiлiк келбетiн ұлы Абай iлiмi негiзiнде дамыту жолындағы қызметке арнаған ғалым жастарға абайтану ғылымындағы мәселелер төңірегінде кеңінен әңгімеледі.

– Әрбір қазақ Абайды білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде адам болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Дүниені өмір бойы жинап, ана дүниеге алып кеткен кімді көрдіңіздер?! Оның барлығы қалады. Сондықтан рухани қазынаға басымдық беру керек. Абайда 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз бар. Ал оқысаң таусылмайтын қазына. Хакім бұл шығармаларын ақша үшін жазған жоқ, ол өз жан-дүниесін жазды. Оның ішкі әлемі қайырлы. «Ыза шығар білімнен, қайғы шығар ілімнен. Ыза мен қайғы қысқан соң, зар шығады тілімнен», деп өзі де айтқан ғой. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын, зарын жазған. Сондықтан да оның мұралары өте терең, мәнді. Қазақтар үшін одан құнды, одан мағыналы дүние жоқ, – деді Мекемтас Мырзахметұлы.

Жазушы-ғалым ұлт бойындағы адамгершілік, мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі жайында да айтты.

– Ұлы ақын халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасауға кірісті. Осы жерде Яссауи ілімі мен Абай көзқарасы бір арнаға құйылады. Түптеп келгенде, дәуірімізге дейінгі алтыншы ғасырдан Алып Ер Тоңға туралы жоқтау өлеңі біздерге жеткен. Сол кезеңде ахи деген аспанға көтеріледі. Онда ахилар қауымдасып өмір сүріп, өздері мен отбасынан артылған мал-дүниені жоқ-жітікке таратқан. Ахилық культі көтеріліп кетті. Бұл парсы не араб сөзі емес, түркінің жомарт сөзінің өзі. Міне, 11 ғасырда толық кемел адамның көрінісі Тұран жерінде дүниеге келді. «Кемел адам» ұғымы Араб түбегінде 12 ғасырларда пайда болды. Ал біздің бабаларымыз бір ғасыр бұрын бұл ілімді таратып үлгерді. Яссауи осы ілімді исламмен ұштастырып, әрі қарай дамытады. Ал, Абай толық адамын бізге жеткізді. Оны Шәкәрім жалғастырып, кемелдіктің нұрлы сәулесі Мағжанның да жүрегіне құйылып еді. Ол ерте солды. Сөйтіп қазақтың рухани әлемінде Яссауи жолы үзіліп қалды, – деп атап өтті М. Мырзахметұлы.

Кездесу барысында ғалым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық код мәселесі жайына да тоқталып, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрі мен ұстанымын жаңғырту қажеттігін айтты.

– Бұл дүниеде ең жаманы – бейқамдық. Біздің өмір сүріп отырған аумалы-төкпелі уақытымыз жайбасарлықты көтермейді. Сол себепті қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керек. Қолымызда тұрған алтынның қадірін біліп, бабалар аманатына қиянат жасамау басты парызымыз. Абайдың философиялық лирикасы мен ой толғамдары бізге алға жол сілтер шамшырақ іспетті болуы тиіс, – деді ол.
Жиын соңында педагогикалық оқу орнының студенттері ғалымға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толымды жауап алды.

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: