Ақтөбе мемлекеттік рәміздер күнін кең көлемде атап өтті
Zakon.kz
Бұл күні аудандардың бәрінде де мемлекеттік рәміздерімізді жан-жақты насихаттау мақсатында ауқымды шаралар — салтанатты жиындар, концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар, жастардың флеш-мобтары өтті.
Кеше мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына тура 25 жыл толды. Мерейлі мерекені облыс жұртшылығы кең көлемде тойлады.
4 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара облыс әкімдігі алаңынан бастау алды. Шаһарымыздың бас алаңынан авто-вело-мото шерушілер және атты әскерлер тобы қолдарына мемлекеттік нышан — көк Байрақты алып, сап түзеді. Егемен еліміздің ең қастерлі нышанын ұстаған топ қаланың орталық көшелерімен жүріп өтіп, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағындағы Ту тұғырына дейін барды. Мерекелік шара саябақта «Мемлекеттік рәміздер — ел мерейі» атты концертпен жалғасты.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов және т.б. қатысты. Ту тұғыры алаңындағы мерекелік жиынды ақтөбеліктер белсене тамашалап, шеруге қатысушыларға қолдау көрсетті.
Алдымен мемлекеттік Әнұран шырқалып, бұдан кейін жас мемлекеттік қызметшілердің Ант қабылдау салтанаты өткізілді.
— Біз, жас мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет атқаруды қоғам мен мемлекет тарапынан айрықша сенім білдіру ретінде бағалап, Қазақстан халқы алдындағы өзіміздің биік жауапкершілігімізді сезіне отырып, еліміздің Конституциясы мен заңдарын сақтауға, халқымызға адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етеміз, — деді облыстық статистика департаментінің жетекші маманы Индира Сейсенқызы. Айта кету керек, кеше облыс орталығындағы ірі сауда орындарында бір уақытта мемлекеттік Гимн айтылды. «Керуен Сити» сауда үйінде ақтөбелік жастардың ұйымдастыруымен жастарды отансүйгіштікке баулуды мақсат еткен патриоттық шара ұйымастырылды.
Сондай-ақ, бұл күні аудандардың бәрінде де мемлекеттік рәміздерімізді жан-жақты насихаттау мақсатында ауқымды шаралар — салтанатты жиындар, концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар, жастардың флеш-мобтары өтті. Елдің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Мереке қарсаңында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында конференциялар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, кездесулер ұйымдастырылды.
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript