Лента новостей
0

Абайдың «Толық адам» ілімі оқу үдерісіне енгізіледі

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 06.06.2017 17:02 Zakon.kz
Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі һәм бірегейі – адами құндылықтарды сақтау.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқу үдерісіне Абайдың «Толық адам» ілімін енгізу жоспарланып отыр. Мақсат – ақынның ақыл, адамгершілік, имандылық сияқты адами құндылықтарды арқау еткен әдеби мұралары арқылы жастарды тәрбиелеу. Бұл туралы zakon.kz, оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп-зерделеуге сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, ұлт бойындағы мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі өскелең ұрпақты теріс мінез-құлықтан арылтуға сеп болмақ. Өйткені, қазақ халқының ой-санасының, дүниетанымының шыңы Абайдың шығармаларында жатыр.

– Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған тал егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» деген ғажап сөз бар. Бір қарағанда әңгіме арасында айтыла салатын көп нақылдың бірі ғана сияқты. Бірақ зерттеп-зерделесең, ойы тым тереңде, мағынасы аса бай екені аңғарылады. Бұл ұғымды ата-ана баласына, үлкен кішіге өсиеттеп, ұмытылмай келе жатқанының өзі бабаларымыздың ізгілік дегеннің не екенін біліп қана қоймай, оны адам мен қоғам бойына егу, сіңіру қажеттігін өте ерте танып, соны жүзеге асырумен айналысқанын айғақтайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүкіл тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп айтқандай, «Толық адам» ілімінің даму тарихын, оның Абай іргетасын қалап, ғылыми жүйеге түсірген негіздерін қайта түлетіп, мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту арқылы ұлттық санамызды жаңғыртудың тетігіне айналдыру міндеті алдымызға қойылды, – дейді абайтанушы ғалым.

Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі һәм бірегейі – адами құндылықтарды сақтау. Ал, Абай еңбектеріндегі «Толық адам» ұғымы адамзатты кісілік тұрғысынан жетілдіруді көздейтін үлкен даналық ойлармен ұштасып жатқан күрделі мәселе. Ақынның мұраты – адамды рухани кемелдендіру арқылы қоғамды жетілдіру, елді ілгері дамыған мәдениетті мемлекеттер қатарына қосу.

– Халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасаған Абайды әрбір қазақ білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Дүниені өмір бойы жинап, ана дүниеге алып кеткен кімді көрдіңіздер?! Оның барлығы қалады. Сондықтан рухани қазынаға басымдық беру керек. Абайда 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз бар. Ал оқысаң таусылмайды. Хакім бұл шығармаларын ақша үшін жазған жоқ, ол өз жан-дүниесін жазды. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын, зарын жазды. Оның ішкі әлемі қайырлы. Сондықтан да оның мұралары өте терең, мәнді. Қазақтар үшін одан өтер дүние жоқ, – деп атап өтті Мекемтас Мырзахметұлы.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру мақсатында оқу орнында бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Жастарға рухани білім мен тәрбие беруді көздейтін жобаның бірі – «Толық адам» ілімін оқу процесіне ендіру. Курсты оқытудағы басты міндет – болашақ мамандарды Абай шығармаларымен етене таныстыру арқылы жастардың азаматтық позициясын қалыптастыру. Бұл өз кезегінде студенттердің бойында ұлттық сана-сезім мен ұлтжандылық қасиеттерді дамытуға, олардың тарихи және әлеуметтік жадысын шыңдауға, қазақ халқының, тұтас Қазақстан халқының төл мәдениеті мен рухани мұрасын құндылық ретінде бағалауға және бәсекеге қабілетті зияткер тұлғаны қалыптастыруға сеп болмақ, – деді оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: