ОҚО-да 13 жастағы бала суға батып бара жатқан сәбиді құтқарып қалды
Zakon.kz
Жеткіншек баланы судан алып шығып қана қоймай, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіпті.
Оңтүстік Қазақстан облысында 13 жастағы мектеп оқушысы суға батып бара жатқан кішкентай бүлдіршінді құтқарып қалды. Демежан Алтай мұздай суға тұншыққан бір жасар сәбиге алғашқы медициналық көмек те көрсеткен, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Жасанды тыныс алу әдісін қолданып, аман алып қалған. Бағыс ауылының тұрғындары Демежанның ерлігіне дән риза. Әрбір үйде мектеп оқушысының бір жарым жасар Ержанды қалай құтқарғаны айтылып жатыр. Кішкентай бүлдіршін бір сәтке ата-ананың қадағалауынсыз қалып, ағыны қатты арық суына құлап кеткен. Оқыс жағдай осы арықтың бойында болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, тау өзені бүгін қауіпсіз боп көрінгенімен, сол күні тереңдігі екі метрден асып ағып жатыпты. Осы маңда тұратын мектеп оқушысы Демежан Алтай үйінен көшеге шыққанда кішкентай балалардың көмек сұрап, айқайлаған дауысын естиді. Бірде өзенге қарай жүгіріп, ағып бара жатқан кішкентай баланы құтқаруға асығады.
Демежан Алтай, Бағыс ауылының тұрғыны:
– Екі кішкентай бала келді де маған інім суға ағып кетті деді. Мен үйдің артына қарай түстім де жан-жағыма қарадым. Бала көрінбеді. Кейін суға батқан бір нәрсе көрінді. Суға түстім де баланы құтқарып, судың жағасына шығардым. Бала дем алмай жатты. Көгеріп, жаурап қалған екен.
Жеткіншек баланы судан алып шығып қана қоймай, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіпті. Жасанды тыныс алу әдісін жасаған. Кеуде тұсынан басып, дем алуына көмектескен. Құтқарушылар дәл бұлай ересек адамдардың өзі істей алмас еді деп, Демежанның ерлігіне ризашылықтарын білдірді.
Ғалымжан Қамбаров, Сарыағаш аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:
– Негізінде Демежан сол күні жарысқа кетуі керек екен. Ағайына бір себептермен мен жарысқа бара алмаймын деген екен. Бұл – Жаратқанның белгісі. Демежан сол күні жарыстан қалып, ана баланың өмірін аман алып қалды. Қазіргі уақытта Демежанның батырлығы үшін біз енді департаменттің басшылығынан адамды құтқару төсбелгісімен марапаттау туралы сұраймыз.
Осылайша кішкентай Ержан қайта өмірге келді. Қуанышын жасыра алмаған ананың ұлына өмір сүру бақытын сыйлаған көршісіне айтар алғысы шексіз.
Жаңылай Қалтұрсынова, Бағыс ауылының тұрғыны:
– Мен қатты қорықтым. Балам бір өліп тірілді. Қалай болғаны айтып жеткізе алмаймын. Демежанға үлкен рақметімді айтамын. Баламды құтқарып қалғаны үшін Алла разы болсын!
Енді 13 жастағы Демежан Алтай нағыз батырға айналды. Оның ерлігі жайындағы аңыз-әңгімелер туған ауылынан алысқа тарап кетті.
Авторлары: Катерина Попкова, Ерболат Әбішов, Нұрмахан Бекмұратов
Фото: 24.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript