Сақ патшайымына тиесілі тәжді қалыпқа келтіру қолға алынды
Zakon.kz
Ғалымдардың айтуынша, бұл олжа Қимақ қағанатының Ертіс өңірінде шоғырланғанын тағы бір мәрте айғақтайды.
Ұланғайыр Қазақ даласы сан қилы құпияға толы. Еліміздің ғалымдары сол тарихтың қатпарлы беттерін ашып, рухани мұраларды толықтырып келеді. Құнды жәдігерлердің бірқатары Ертіс өңірінен табылған, деп жазады Хабар телеарнасы.
Мәселен, тарихшылар қимақ дәуіріне тиесілі екі дөңгелекті арба мен Сақ патшайымына тиесілі тәжді тапқан. Бүгінде көне артефактілер танымал реставратор Крым Алтынбековтің шеберханасында қайта қалпына келтіріліп жатыр. Ағаш арба Павлодар қаласының іргесінде, Өскемен-Павлодар жолының бойында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылды. Оған қоса жәдігердің маңында адамның қаңқасы болыпты. Ғалымдар дәл осындай олжаға бұрын-соңды кенелмегендерін айтуда. Бүгінде осы тектес талай жәдігерді қалпына келтірген Крым Алтынбековтың зертханасында жұмыс қызды.
Крым Алтынбеков, реставратор:
-Ерекшелігі екі дөңгелекті. Дөңгелектің диаметрі 1,5 метр болады. Енді оның ортасына қойған шатыры үйшік талдан иіп талдан қоршалып жасалған. Жəне бас шаңырақ сияқты куполы бар. Ондайды үлкен дəрежелі адамдар ғана қолданылады. Келе жатқан кезде аспанның инесін беріп, біздің киіз үй сияқты көрінеді.
Ғалымдар: «Бұл жәдігерлер Қимақ дәуіріне, яғни 9-10 ғасырларға тиесілі», – деп топшылауда. «Көне қорым тоналмағаны тарихтың талай бетін ашуға сеп болады», –дейді археологтар. Сондықтан күйме тұтас күйінде сақталып қалған. Мамандар ежелгі дүниені сынып қалмас үшін арбаны топырағымен бірге алып келген. Бөліктері бұзылып қалмау үшін балауызбен жалатылған. Бұл әдіс соңғы уақытта кеңінен пайдаланып келеді.
Тимур Смағұлов, археолог:
-Көне жәдігерді табу бір бөлек, оны зерттеу тынымсыз еңбекті талап етеді. Қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуын асыға күтеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарға серпіліс беруге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сеп болуда. Оны табысты жүзеге асыруға ниеттеніп отырмыз.
Ғалымдардың айтуынша, бұл олжа Қимақ қағанатының Ертіс өңірінде шоғырланғанын тағы бір мәрте айғақтайды. Сондықтан ғылыми құндылығы аса жоғары. Алдағы уақытта артефакті өңірдегі музейлердің төрінен орын алмақ. Сонымен қатар Қимақ дәуірінің құпияларын ашу мақсатындағы ғылыми жұмыстар жалғасын таба бермек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Аршын Кемелжан, Марат Игіліков, Ерлан Абжанов
Фото: khabar.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript