Шымкенттен ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға 4 мың оқушының алғашқы легі кетті
Zakon.kz
Балаларды Шымкент қаласының темір жол вокзалынан қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тажиева мен ата-аналары, ұстаздары мен достары ақ жол тілеп шығарып салды.
Еліміз үшін маңызы ерек «Болашақ энергиясы» жобасын тамашалауға Оңтүстік Қазақстан облысынан баратын 4 мыңға жуық оқушының алғашқы легі кеше Шымкент қаласынан Астанаға жолға шықты. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлы дала төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Zhana Talap туристтік агенттігі ұйымдастырған 4 күндік турға алғашқы 150 оқушы кетті. Балаларды Шымкент қаласының темір жол вокзалынан қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тажиева мен ата-аналары, ұстаздары мен достары ақ жол тілеп шығарып салды. Шығарып салу салтанатында ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен Оқушылар сарайының көркем өнерпаздар ұжымы оқушыларға жолашар арнау айтты. «Алтын ғасыр» тобының орындауында арман қала - Астана жайлы әсем ән шырқалды.
Іс-шара қорытындысында қала мектептері оқушыларының қатысуымен «ЭКСПО. Арманға сапар» флешмоп ұйымдастырып, аспанға шарлар ұшырды. Өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мен оқуда озат, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан және білімі мен өнегелі тәрбиесі үшін оқушыларға мемлекет және демеушілер есебінен ЭКСПО-2017 көрмесіне 3 750 оқушыға жолдама берілген болатын.
Тарихи оқиғаның куәсі болғалы отырған оқушыларға сәттілік тілеген азаматтар мұндай мүмкіндіктер, егеменді еліміздің жастарға деген үміті мен қолдауы екенін атап өтті.
«Бұл көрменің сіздер үшін ұмытылмас әрі пайдалы естелік болатынына және көрмеден алған әсерлеріңіз шығармашылықтарыңыздың шыңдалуы мен болашақта ғылыми жаңалықтардың ашылуына сеп болады деп сенемін. Сіздер Тәуелсіз еліміздің тірегісіздер. Сондықтан да әрбіріңіз Мәңгілік еліміздің беделін асыратын намысты әрі білімді және білікті азамат болып өсіп, елдің мақтанышы болуларыңызға тілектеспін»,-деді жиналғандар.
Сонымен қатар шара барысында қонақтар «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017» тақырыбында оқушылардың қатысуымен өткен флешмобты, «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – балалар әлемінде» атты сахналық көріністі тамашалады.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript