Тараздық студенттер ұлттық қолөнерді дамытуда
Zakon.kz
Орталықта айына 10-нан астам киім үлгісі тігіледі.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері оқу орнының жанынан ашылған Сән орталығында ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгілерін тігудің қыр-сырымен танысып, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды zakon.kz, ТарМПИ-дың ақпараттық-имидждік қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.
Бүгінге дейін қол жеткен нәтиже де жоқ емес. Студенттер республикалық, аймақтық сән байқауларында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Институт ұстаздары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды жете таныстыру арқылы болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздеп отыр.
– Орталықта жастар кілем тоқу, сырмақ сыру, киім тігу сияқты ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан бекзат өнерге машықтанады. Сонымен қатар, мұнда ағаш бұйымдары мен сәнді шымылдықтар, бау, басқұр, сандыққап, тегеріш сынды киіз үй жабдықтары дайындалады. Студенттерге халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған эстетикалық, мәдени мұраларын терең меңгерту арқылы олардың танымдық көзқарасын қалыптастырып, қолөнерге қызығушылықтарын оятуды көздейміз. Сондай-ақ, ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерге ендіріп, тың брэндттер қалыптастырмақ ниеттеміз, – деді Кәсіптік оқыту және дизайн кафедрасының меңгерушісі Айнұр Жаскиленова.
Айбике Хамит Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша оқиды. Бойжеткен сабақтан тыс уақытта орталықта дизайндық киім үлгілері мен коллекцияларды модельдеп, құрастыруды әдетке айналдырған.
– Бүгінде еңбек нарығында дизайнер мамандарына деген қажеттілік байқалады. Бұған себеп те жоқ емес. Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын бұйымдарға деген сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Еліміз бойынша сән орталықтары мен шеберханалар да көптеп ашылуда. Мақсатым – ата-баба дәстүрін кеңінен насихаттау арқылы замандастарымды төл өнерді бағалауға, ұлттық мұраны сақтауға үндеу, – дейді А. Хамит.
Орталықта айына 10-нан астам киім үлгісі тігіледі. Жас шеберлер олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамауына ерекше назар аударады. «Көктем гүлі», «Кербез сұлу», «Томирис», «Ханшайым» сияқты көздің жауын алатын сәнді киім коллекцияларын көпшілікке таныстыру мақсатында жыл сайын шығармашылық жұмыстардың көрмесін ұйымдастыру дәстүрге айналған.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бабадан балаға мирас болып келе жатқан мәдени мұраларымызды өскелең ұрпаққа жеткізуді һәм таныстыруды міндеттеген болатын. Тәуелсіздік жылдарында төл жәдігерлеріміз болып саналатын ұлттық киімдеріміз бен қолөнерімізді дәріптеуге айрықша көңіл бөліне бастады. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, аймақтарда осы саланы дамытуға үлес қосып, өнерлерімен танылған шеберлердің қарасы артты. Осы орайда педагогикалық институтта ұмыт болып бара жатқан дүниелерімізбен қайта қауыштыру әрі жергілікті ісмерлердің өзара тәжірибе алмасуына ұйытқы болу мақсатында көрмелер, өнер фестивалдары тұрақты түрде өткізіледі, – деп атап өтті оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript