Ораза айт ұлттық нақышта тойланды
Zakon.kz
«Нұр Астана» орталық мешітінің ұйытқысымен өкілдікке қарасты елорда мешіттері Ораза айт мейрамын ұлттық нақышта тойлап жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен елімізде бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр» тақырыбы кеңінен насихатталып, ислам құндылықтары мен дәстүр сабақтастығына айрықша көңіл бөлініп келеді.
Мәселен, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұйытқысымен өкілдікке қарасты елорда мешіттері Ораза айт мейрамын ұлттық нақышта тойлап жатыр. Соның айғағы, бүгін «Әлжан ана» мешіті «Ораза айт құтты болсын!» мерекелік шарасын өткізді.
Мерекелік бағдарламаның басында ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ортаға шығып, жиналған барша мұсылмандарды Ораза айтпен құттықтады.
- Ораза айт – айлардың сұлтаны Рамазан айының жемісті нәтижесі іспетті сауабы мол мүбәрак мереке, бір айлық құлшылығымыздың қуанышы. Алла елшісінің (с.ғ.с) сахих хадистерінде тамақ жеу, сусын ішу, Алланы еске алу, қонақ күту, сырқат мұсылмандардың көңілін сұрау мен жоқ-жітік, кембағалдарға садақа беру айт мейрамына тән екендігі айтылған. Сондықтан айт күндерін ізгі амалдарымызды кемітпестен мерекелік көңіл-күймен, сауабы мол істермен өткізген абзал. Ораза айт – жанжалдасқан жандар татуласып, өзара кешірімге келіп, ағайындық байланысты нығайтуға жол ашатын мереке. Бұл күндері үзілген туыстық қатынасты қайта жалғап, жақын жұрағаттың үйлерін арнайы аралау ерекше маңызды. Мұсылман баласын қуанышқа бөлейтін бұл мейрам елімізге, жерімізге құт-береке мен ынтымағын, ырысы мен берекесін ала келсін деп тілейміз. Алла тағала баршамыздың ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды және сауапты істерімізді қабыл етіп, келер жылғы Рамазан айына аман-есен жетуді нәсіп еткей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! - деп ҚМБД наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы ізгі тілегін ақтарды.
«Әлжан ана» мешіті Ораза айт мейрамын ұлттық сарында тойлауға ерекше назар аударған. Мешіт ауласында киіз үйлер тігіліп, мерекелік сахна құрылды. Дәстүрлі нақыштағы концертті ақын Серікзат Дүйсенғазин мен танымал актерлер Әділ Ахметов, Нартай Сауданбекұлы сынды өнер өкілдері жүргізді. Жыр-термелер шырқалып, ақындар айтысы ұйымдастырылды. Таңжарық Ержан, Сырым Әуезхан, Мұхтар Ниязов және Нұрмат Мансұров секілді суырыпсалма ақындардың өнерін көрермендер ықыласы бағалады. Сондай-ақ, «Тағылым тамшылары» балалардың ұлттық-рухани театры «Қош бол, Рамазан!» өлеңін оқып берді.
Спорттық шаралар да бұқара көңілін көтерді. Атап айтқанда, жамағат арасында 16,24 кг салмақтағы гір тасын көтеру және қазақтың ұлттық ойындары: асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қол күрес ұйымдастырылды. Спорттық ойындар жеңімпаздарын ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы мен ҚМДБ наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз марапаттап, сый-сияпат тапсырды. Сонымен бірге мешіт ауласында қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде мұсылман жамағатына діни заттар, ұлттық тағамдар, қолөнер мен зергерлік бұйымдар ұсынылды. Ал, кеш соңында жамағат ақсақалдарына арналып ақ дастарқан жайылды.
«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript