ОҚО-ға тартылған инвестиция көлемі 180,6 млрд. теңгеге жетті
Биылғы жылдың алты айында Оңтүстік Қазақстан облысына тартылған инвестиция көлемі 180,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 133,0%-га өскен. Сондай-ақ индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында облысымызда жалпы құны 208 млрд.теңгені құрайтын 162 жоба іске қосылып отыр. Бұл өз кезегінде 9,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, өңірде биылғы жылы 37,1 млрд. теңгенi құрайтын 17 жобаны іске қосу көзделсе, бүгінгі таңда құны 1,7 миллиард теңгені құрайтын 3 зауыт өз жұмысын бастап кетті.
«Жүзеге асқан жобаның бірі - Шымкент қаласындағы вафли өндіру фабрикасы. Мұнда жылына 1700 тонна өнім өндіру көзделіп отыр. Екінші жоба - «Азия агро» ЖШС-гі Отырар ауданында жүгері өңдеу ісін қолға алып отыр. Үшінші жоба - Созақ ауданында уран өндірісіне арналған полиэтилен шығаратын зауыт өз жұмысын бастап жіберді», - дейді облыстық кәсіпкерлік, индустриалды - инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт.
Жалпы облысымыз инвестицияға тартымды өңір болып табылады. Әзірге инвестиция тарту бойынша Шымкент қаласы, Отырар, Төлеби, Сарыағаш аудандары көш бастаған.
Бұдан бөлек, машина жасау, туризм, «Ақылды қала" салалары бойынша ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу мақсатында Германия, Ұлыбритания, Грузия, Испания, Италия, Түркия, Ресей және т.б. мемлекеттеріне ресми сапарлар жоспарлануда. Мұндай шаралар өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, жаңа әріптестік қатынас орнатуға жол ашады.
Осыдан 5 жыл бұрын өңірімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 120 мың болса, соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш көбейіп, 176 684-ке жетіп отыр. Ал, осы салаға инвестиция тарту бойынша облысымыз республикада алдыңғы орынға шықты. Жалпы облыс экономикасына 2016 жылы 380,6 млрд.теңге инвестиция тартылған.