Ақтөбеде жазасын өтеушілерді ұрып-соққан түрме қызметкерлері сотталды
Zakon.kz
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақтөбедегі ҚАЖ 168/3 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Сұлтан Нұржанов өзін ұрып-соғып, күш көрсеткен үш қызметкердің жазалануын сұрады. Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы түзету мекемесінде тіркелген қылмыстық оқиғаға сот үкім шығарды. Іс материалдарына сүйенсек, жазасын өтеуші Сұлтан Нұржанов жұмысқа бару үшін өткізу бекетінің алдында кезекте тұрады. Сол кезде ҚАЖ 168/3 түзету мекемесі жедел бөлім бастығының орынбасары Дәулет Байманов өрескел сөйлеп, сотталғандардың ар-намысына тиеді.
Сөзді ауыр қабылдаған С.Нұржанов құқығының бұзылғанын, шағымданатынын айтып ескерту жасаған.
Сотталушының жауабынан соң ҚАЖ 168/3 түзету мекемесі жедел бөлім бастығының орынбасары Дәулет Байманов, бақылау қызметінің аға бақылаушысы Дамир Сухашев, жедел уәкіл Гумар Ержанов жазасын өтеушіні ұрып-соғып, басын қабырғаға ұрып, қолын кісендеп, арнайы қамауға алады. Соққыдан соң жазасын өтеуші Сұлтан Нұржанов түрмеден қашып шығып, прокуратураға арыз жазды.
Тексеру, тергеуден, сот-медициналық сараптамадан соң күдіктілердің кінәсі дәлелденіп, «Азаптау» бабы бойынша іс қозғалды. Ақтөбе қалалық соты жазасын өтеушіні азаптаған түрме қызметкерлеріне үкім шығарды.
Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚАЖ 168/3 түзету мекемесі жедел бөлім бастығының орынбасары Дәулет Байманов 3 жыл 6 айға, бақылау қызметінің аға бақылаушысы мен жедел уәкіл Г.Ержанов, Д.Сухашев үш жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Олар құқық қорғау саласында үш жыл бойы жұмыс істей алмайды. Жазаларын қауіптілігі орташа түзету мекемесінде өтейді.
Түрме қызметкерлері капитан, лейтенант, старшина шенінен айырылды. Сонымен қатар, сотталушылардың әрқайсысы жәбірленуші Сұлтан Нұржановқа 300 мың теңгеден моральдық шығын төлейді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: inform.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript