ШҚО-дағы жұмыспен қамту мекемелері халыққа жалған ақпарат беріп келген
Zakon.kz
Төрт жылдың ішінде бір де бір жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған.
Облыстық прокуратура жұмыспен қамту органдарының мүгедектерді жұмысқа орналастыру туралы жалған ақпарат беретінін әшкереледі, деп жазады altaynews.kz.
Қадағалау органы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының сақталуына талдау жүргізген кезде оларды жұмысқа орналастыру мәселесінің түбегейлі шешім таппағанын анықтады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, ақырғы төрт жылдың ішінде жұмыспен қамту орындарына жұмысқа тұру үшін 4016 ерекше жаннан арыз түскен, олардың 2241-і (55 %- дан астамы) жұмыспен қамтылған.
Алайда тексеріс барысында көрсеткіштер мейлінше арттырылғаны белгілі болды. Бір мүгедектің жұмысқа орналасуы бірнеше адамның жұмысқа тұруы ретінде есепке еніп отырған.
Жыл сайын шамамен 1200-ден астам мүгедек жұмыспен қамтуға мұқтаж болса, бекітілген квота арқылы оның тек 10 пайызы (138 мүгедек) ғана жұмыс тапқан.
Соңғы төрт жыл ішінде 435 мүгедектің жұмысқа өз бетімен орналасқанын атап өту маңызды.
Заң бойынша жұмыс берушілер жұмыспен қамту органдарына әр тоқсан сайын мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдау туралы хабарлауы қажет. Бірақ, іс жүзінде жұмыс берушілердің 70 пайызы (386 кәсіпорынның 271-і) жұмыспен қамту органдарына ешқандай мәлімет жібермейді.
Ал жұмыспен қамту органдары заң талаптарының бұзылғанын көре тұра аталған жайттар бойынша еңбек инспекциясына шағымданбайды. Сол себепті де төрт жылдың ішінде бір де бір жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған.
Прокуратура қызметкерлері еңбек құқы бұзылған жағдайда мүмкіндігі шектеулі жандар қадағалау органының — 8 (7232) 243299 сенім телефонына хабарласа алатынын ескертеді.
Фото: altaynews.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript