ОҚО-да анасы мүгедек еткен бала қорғаншылық қызметкерінің үйінде тұрып жатыр
Zakon.kz
Еркінай Жамалованың айтуынша бала өз анасын көп есіне ала бермейді.
Оңтүстік Қазақстан облысында анасы өлімші етіп сабаған 7 жасар бала ауруханадан шығарылды. Асыл Батталғазиев бес күннен бері Ордабасы аудандық білім бөлімінің қорғаншылық, қамқоршылық бөлімінің әдіскері Еркінай Жамалованың үйінде тұрып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері мүгедек болып қалған баланың үйінде заң аясында уақытша тұрып жатқанын айтады. Әбден психологиялық тұрғыда зардап шеккен жеткіншек онсызда үш айдан бері ауруханада жатқан. Енді балаға отбасы жылуы қажет дейді маман. Қазір жеті жастағы Асыл өзге балалармен ойнап, қалыпты жағдайға келе бастапты.
«Асыл үйде балалармен ойнап, өзін еркін сезініп жүр. Ол үш-төрт айдан бері ауруханада жатқаннан кейін біз оны үйдегі мейірімді сезінсін, балалармен аралассын деп ойладық. Оның үстіне құжаттары да әлі толық рәсімделіп біткен жоқ. Заңда да баланы уақытша жанұялық мейрім алуы үшін отбасыда тұруы қарастырылған екен. Сол заң аясында мен аудандық білім бөлімінің басшысына тілхат беріп, үйге алып келіп отырмын. Жалпы қазіргі жағдайы, тамақ ішуі, ұйқысы жақсы. Бірақ баланың ақыл есі өз деңгейінен сәл төмендеу. Бір жерде тұрақты ойнай алмайды, әрнәрсеге жүгіре береді. Балаға әлі психологиялық тұрғыда жұмыс жасау керек, тәрбие беру қажет», - дейді Еркінай Жамалова.
Қазір педагогика саласында 30 жылдық еңбек өтілі бар маман баланы біртіндеп ортаға үйретіп жатыр. Өзге балалармен ойнауға, тақпақ айтуға бейімдеуде екен.
«Асыл жақсы сөйлей алмайды, тілі жақсы дамымаған. Толыққанды мейірім да қажет. Қазір мен оған тақпақ үйретемін. Ол сол тақпақтарды айтып, ұмтылуға тырысады. Талпынысы бар. Оның өмір сүруге деген құлшынысы керемет. Немерелеріммен ойнаған кезде жай сөйлейді. Мен оған айтамын айқайлап, еркін сөйле деп. Солай еркіндікке үйретіп жатырмын. Қазір құжаттар рәсімделіп жатыр. Оған 15 күндей кетеді. Егер үйдегі балаларым бауыр басып жатса, өзім Асылды қамқорлығыма алуым мүмкін», - дейді білім бөлімінің әдіскері.
Еркінай Жамалованың айтуынша бала өз анасын көп есіне ала бермейді.
Тек кей кездері үйіне барғысы келетінін айтатын көрінеді. Ендігі кезекте жеткіншектің мүгедектігін анықтау үшін арнайы қыркүйек айында арнайы медициналық тексеруден өтеді. Себебі, анасынан таяқ жеп, денесін күйік шалған Асыл Батталғазиев бүгінде мүгедек болып қалғаны белгілі. Ол соңғы айларда ауруханада ем қабылдап, енді ғана өзіне келе бастады.
Еске салайық, осы жылдың мамыр айында Ордабасы ауданында 7 жасар баланың ес-түссіз, ауыр халде ауруханаға түскені мәлім болған. Ол кезде өңірдің тәртіп сақшылары жеткіншекті туған анасы сабап тастағаны анықталған болатын. Кейіннен жеткіншектің шешесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша іс қозғалып, бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі 26 жастағы келіншекке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Безбүйрек әйел сондай-ақ туған баласынан ресми түрде бас тартып, қолхат берген болатын. Осыдан кейін сот шешесін аналық құқынан айырды.
Фото: inform.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript