Қытайдағы қазақтар ұлттық спорттың шалма салу мен қамшігерлік түрін жаңғыртуда
Zakon.kz
Спортшы қандасымыз тек бапкерлікпен айналысып қана қоймай, ұлттық спорттан жарыстар өткізуді де қолға алып жүріпті.
Соңғы жылдары Қытайдағы қандастарымыз ұлттық спортты дамытуға күш салып келеді. Ат спорты бойынша көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Іле қазақ облысының спортшылары ұмыт болған ұлттық спорт өнерін жаңғыртуды да қолға алыпты. Baq.kz тілшісі шалма салу мен қамшыгерліктің жарысын өткізген қандасымызбен тілдесті.
Нылқы аудандық ұлттық спорт қауымдастығының бапкері Сабыржан Зинатқанұлының айтуынша көкпар бойынша Іле қазақ облысының спортшылары ешкімге дес бермей келе жатқан көрінеді.
«Ат спорты Шыңжаңда қазақ, ұйғыр және қырғыз ұлттарын негіз етіп өтеді. Үкіметтің қолдауымен жақсы дамып келе жатыр. Шыңжаң көлемінде аз ұлттардың дәстүрлі спорты деп аталып 4 жылда бір рет өтеді. Іле қазақ облысының көкпаршылары 1994 жылдан бері біріншілікті бермей келе жатыр. Іледегі 8 аудан 2 қаланың барлығында көкпар командасы бар. Бір ауданның өзінде 15-тен аса көкпар командасы болып, жалпы облыстағы көкпар командаларының саны 150-ден асады», - дейді Сабыржан Зинатқанұлы.
Осы облысқа қарасты Қорғас ауданында 2016 жылы «Қазанат» атты көкпар құрама командасы жасақталып, оған Ермек Тоқтарбек пен Серік Үсенұлы жетекшілік етіп келеді. Жақында Астанада тұңғыш рет өткен Көкпардан әлем чемпиотанында өнер көрсеткен де «Қазанаттың» жігіттері болып шықты. 11 мемлекеттің көкпаршылары айқасқан аламан додада қандастарымыздан құралған команда төртінші орыннан көрінді.
«Астанада өткен Көкпардан I әлем чемпионатына құрама командамыз келіп қатысып, төртінші орынға ие болды. Аударыспақтан 1 күміс, 1 қола алдық», - дейді Сабыржан Зинатқанұлы.
Спортшы қандасымыз тек бапкерлікпен айналысып қана қоймай, ұлттық спорттан жарыстар өткізуді де қолға алып жүріпті. Ол биыл ұмыт болған қамшыгерлік пен шалма салудан жарыс өткізгенін айтты.
«Менің көкпардан 10 командам бар. Бір командада 12 көкпаршыдан ойнайды. Біз байырғы ұлттық ойындарды жаңғыртуды қолға алып отырмыз. Көктемде көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңгеілуден бөлек шалма салу мен қамшыгерлік бойынша жарыс өткіздім. Алдағы уақытта бұл жарысты дәстүрлі өткізіп тұрамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге де ұмыт болған ұлттық ойындар жарыстың түріне қосыла берері сөзсіз», - дейді бапкер.
Біз ұлттық спорт жанашырынан қамшыгерлік пен шалма салудың ерекшелігі жайлы сұрап білдік. Оның айтуынша, спорттың бұл екі түрі де шеберлік пен күшті бірдей талап етеді екен.
«Асауға көздеп шалма тастау шеберлікті талап етсе, оны тақымға салып тоқтату үлкен күшті қажет етеді. Қазіргі кезде шалмаға қолданатын арқанның да түрі көп. Біз ата-бабамыз қолданған қайыс арқан мен қыл арқанды қолдандық. Ал қамшыгерлікте де спортшының білек күші мен қырағылығы бірдей маңызды. Онда қамшыгерлер керілген сиыр терісін қамшымен қаққа бөлуі керек», - дейді ол.
Майгүл Сұлтан
Фото: Абзал Қалиев
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript