Лента новостей
0

11 жетімді бауырына басқан ақтөбелік отбасының балалары шетінен музыкант

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 11.09.2017 10:54 Zakon.kz
Бұл үйдегі әр баланың тағдыры сан түрлі.
Ақтөбеліктерге Жетесовтер отбасының «Шашу» халықтық фольклорлық отбасылық ансамблі етене таныс. Өмірхан мен Амангүл Жетесовтер 14 баласының әрқайсысын музыкалық аспапқа баулыған. Қазір он бірімен бірге өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды Baq.kz.

Көп балалы Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанованың ісін ерлікке балауға болады. Тағдырлас жандардың өз үш ұл-қызы бар. Оған қоса, тағы 11 баланы бауырларына басқан. Қазір отбасылық ансамбльдің құрамында 17 адам. 2005 жылы құрылған «Шашу» отбасылық ансамблінде 5 өнерпаз болған. Кейін басқа балаларымен толығыпты.

«Ансамбльдің негізгі құрылғанына 10 жылдан асып кетті. Құрамында жолдасымыз екеуміз және екі қыз, бір ұлымыз болды. Ал, балалармен халықтық фольклорлық ансамбль құрғанымызға 1 жыл толмады. Өнер додаларында қазір топ жарып жүрміз. Балаларымыз фольклорлық, этностильдегі, ұлттық аспаптарда ойнайды. Патронаттық тәрбиеге алғаш 2009 жылы үш бала алдым. Кейін тағы 8 баланы қорғаншылыққа алдым. Барлығы «Алға» балалар үйінің тәрбиеленушілері. Жастайымнан жетім көрсем, көмек беруге дайын тұратынмын. Жалпы айналамызға дұрыстап қарасақ, жетімдер көп. Өмірде қиын жағдайға тап болғандарды көп көрдім. Бірнешеуін қамқорлығыма алдым. Кейін тұрмысқа шығып, үйлі болғандары бар»,- дейді Амангүл Ешпанова.

Амангүл Ешпанованың бір жасында әкесі жол апатынан қайтыс болған. Кейін анасы өзге жанмен отау құрып, қаршадай қызды ата-әжесі бағып, өсіріпті. Ал, Өмірхан Жетесов те анасынан ерте айырылған. Кішкентайларынан туған әке-шешенің мейіріміне бөленбеген жандар жетім көрсе, жүректері елжіреп тұрады. «Барлық бала ата-ананың мейірімін көруі тиіс» деген әншілер әр баласынан немере-шөбере сүюді армандайды. Өзінің бір қызы тұрмыс құрып, ұлы отбасылы болыпты.

«Мен «Алға» балалар үйінен бала алу үшін құжаттарын рәсімдеп жүргенімде, бір қазақтың кішкентай қызымен америкалық отбасы кездесіп жүр екен. Балалар үйінің мамандарынан «бұрымы тоқпақтай қазақтың қара қызын өзім асырап алайыншы» деп жалындым. Бірақ келіспеді. Кейін құзырлы органдарға шығып, «қазақ қызына қазақтың қызы ана болсын» деп көп жүгірдім. Қоймадым. Осылайша, «Алға» балалар үйінен бірден екі баламды алып келдім. Балаға деген махаббатың оянса, тоқтамайсың. Кейін жолдасымыз екеуміз ойласып, бір жылда тағы 8 баланы асырап алдық. Өз балаларым қарсылық білдірмеді. Керісінше, көмектесіп тұрады»,-деді көп балалы ана.

Бұл үйдегі әр баланың тағдыры сан түрлі. Кішкентайларынан тағдырдың тәлкегін көргенімен, қазір әке мен шешенің мейіріміне бөленіп, бақытты ғұмыр кешіп жатыр. 11 баланың біреуі орыс ұлтынан. Тағы екеуінің мүмкіндігі шектеулі. Бір отбасының үш баласы да осында тәрбиеленуде. Достығы мығым, берекелі отбасының балаларының үлкені – 30 жаста. Кішісі бесте. Өнерлі отбасының өз тәртібі бар.

«Әкелік мейірім мен қаталдықты бала қатар сезінуі керек. Ұлдарыммен бірде ойнасам, бірде балық, аң аулауға алып кетем. Ұялы телефонды мүлдем ұстатпаймын. Бала мектеп бітіргенше тез есеймеу керек. Әкеден ұл қорықпауы тиіс. Мен балаларымды көлігіме салып алып, тұрақты мекені жоқ жандарды көрсетем. Балалар үйіне апарып, ата-ананың қамқорлығына зәру балалармен сөйлестірем. Әке-шешенің қадірін біліп, қанағат пен шүкірлікті білу үшін. Жұбайым мен үшін «Тереза ана». Бәрін бауырымызға бастық, демек олар үшін жауаптымыз. Оны тәрбиелеуге, адам өсіріп, қоғамға қосуға. Шүкір, балаларым сыйлайды, жақсы көреді. Еш өкінбеймін»,-дейді отағасы Өмірхан Жетесов.

Өмірхан Жетесов – жыршы. Республикалық байқауларда Ақтөбе облысының намысын қорғап жүрген өнерпаз. Ал, Аманүл Еншібаева – облыстық халық шығармашылығы үйінде қызметте. Музыка саласының маманы. Ал, ансамбльдің өзге мүшелері домбыра, қылқобыз, шаңқобыз секілді ұлттық аспаптарда ойнайды. Балаларды алдымен өздері баулыған. Кейін музыкалық мектепке беріп, білімдерін жетілдірген. Барлығы сауатты музыканттар. Бір жыл бұрын облыстық мәслихатта отбасыға көмектесу мәселесі қаралып, 1 миллион 700 мың теңге берілген. Ол қаржының 600 мыңына балаларды киіндіріп, қалған ақшаға аспаптарды жаңартқан. Отанасының айтуынша, аспаптар арзан тұрмайды. Әр балаға мемлекеттен берілетін 20 мың теңгені жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, балаларын сылтауратып ешкімге қол жаймаған. Көп балалы әулеттің негізгі асыраушысы – отағасы. Асабалық қызмет атқаратын Өмірханның бос уақыты жоқ.

«Мен бұл үйге 14 жасымда келдім. Қазір 22-демін. Аға, әпкемнен кейінгі үлкені мен балалардың. Бауырларыма қарау, сабақтарын бақылау, тамақ пісіріп, үй жинауда анама көмектесем. Соңымнан ергендер маған қарап бой түзейді ғой. Ақылымды айтамын. Мені тыңдайды. Колледжде білім алдым. Алда қызметке тұрамын. Жоспарларым да жоқ емес. Ең бастысы, ата-анамның үмітін ақтасам деймін»,- дейді Айгүл Ілиясова.

«Шашу» халықтық фольклорлық отбасылық ансамблі республикалық байқауларда топ жарып жүр. «Жас толқын», «Балдәурен» байқауларының жеңімпаздары.

Әсел Абат

Фото: Baq.kz
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: