Алматыда әділ шешім шығармаған судьяның ісі сотта қаралып жатыр
Zakon.kz
Қызығы, отбасыны үйден шығарған әділет қызметкері пара алғаны үшін сотталыпты.
Талай тағдырдың тоқетерін түйіндеп жүрген судьяның ісі Медеу аудандық сотында қаралып жатыр. Өмірзақ Серімов қызметін асыра пайдаланғаны және үкімді әділ шешпегендігі үшін күдікке ілініп отыр. Айыптаушының тұжырымы бойынша, сотталушы АХАЖ-да тіркелмеген некені заңды деп таныған. Салдарынан 2012 жылы Алматы қаласының тұрғыны өзін-өзі өртеп жіберген еді, деп жазады Алматы телеарнасы.
Негізі мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Нақтырақ айтсақ, тәуелсіздігімізді алғалы бері, сот ісінде дұрыс шешім шығармау бұл елімізде болып тұрған екінші жағдай. Енді оқиғаны қысқаша түсіндіріп өтейін. 2009 жылы Алмалы аудандық сотына келген бір келіншек жұбайы екеуінің некесі заңды екенін растауын сұрайды. Сол кездегі судья Өмірзақ Серімов сұранымды растайды. Сол құжат негізінде тұрғын күйеуінің атына рәсімделген «Ұлжан» ықшам ауданындағы үйін көпбалалы отбасына сатып жібереді. Арада біраз уақыт өткен соң дәл осы судья Серімовке үй қожайынының бауыры келіп, алғаш шығарған шешімін жоюды сұрап, үйден дәм етеді. Не керек соңында, 4 миллион теңгеге сатылған үйдің келісімшарты бұзылып, үйден отбасы шығарылатын болады.
Сауда-саттықты растамаған судьяның шешіміне ашынса керек, үйге сот орындаушылары келгенде үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеп жіберген екен.
Айнұр бұл үйде өзіне медет болар бақытты сезінбейді бүгінде. Бір шаңырақ астында қазір бес ағайынды, әр қайсысы өз отбасымен тұрып жатыр. Бұл баспанаға қол жеткізу үшін олар анасынан айырылуға тура келіпті. 2012 жылдың 24 мамыр күні бес баланың анасы Светлана Тұрғанбаева өз үйінің табалдырығында отқа оранады.
«Бір уақытта олар бізге бас сала жүгіріп, бәрімізді итеріп жіберді. Сосын Елтоқов келіп анама айғай сала бастады: «Жаға алмайсыз ба? Көрейік, жағыңыз» деді. Сол арада олар бізге қайта тап бере бергенде анам өртеніп кетті. Бес жылдан бері әркез осы жағдай есіме түсіп, жүрегім жарыла жаздайды. Мұнда жүріп-тұру мен үшін өте ауыр», - деді зардап шегуші Айнұр Омарбаева.
Айнұрдың анасы қайтқаннан кейін төрт жыл өткен соң асқар тау әкесімен де айырылып қалады. Қызығы, отбасыны үйден шығарған әділет қызметкері пара алғаны үшін сотталыпты. Ал құжаттарды рәсімдеген нотариус өкіліне де жаза кесілген. Бірақ олар өзге факт бойынша жазаланған.
«Енді анам да жоқ, үйіміз болғанымен ол заңды түрде біздің атымызда емес. Дегенмен біз оны ақшаға сатып алғанбыз. Заң бойынша бізге тиесілі емес. Яғни баспанамыз жоқ. Далада қалдық», - деді зардап шегуші Айнұр Омарбаева.
Елімізде сот қызметкерлерінің сотталуы сирек кездесетін жайт. Мәселен соңғы екі жылда 4 адам сотталған. Олар жемқорлық, алдап-арбағаны үшін және қызметін асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылғандар. Ал тәуелсіз ел болғалы, шешімді дұрыс шығармаған судьяға байланысты жағдай тек екі рет орын алған. Бірі - осы Өмірзақ Серімовке қатысты іс.
«Қазір білуімше, мұндай атышулы екі ғана істі айтуға болады. Бұл Күлпаш Өтемісова мен Өмірзақ Серімов. Қалған әділ қазылардың көбі заң бұзушылыққа іліксе, өз бетімен орнын босататын. Яғни судьяларға қатысты іс көбіне сотқа дейін жетпей қалады», - деді адвокат Серік Айтбаев.
Сотта Өмірзақ Серімов кінәсін толықтай мойындамады. Енді ол айыпталушының орнында болса да, ол өзін толғандырған сұрақтарды қайта-қайта қойып безек таппады. Нәтижесінде істі мүлде тоқтатуға шағым түсірді. Десе де енді оған тағылып жатқан айыптар бойынша 8 жылға дейінгі бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов
Фото: mediasat.info
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript