Бірнеше жыл із-түзсіз кеткен жігіт, құлдықтан қалай қашқанын айтып берді
Zakon.kz
Айдаладағы қыстақта ақысыз мал баққан бейбақтардың көрмегені қалмапты.
Бапкерлер оның болашағынан үлкен үміт күткен еді. Аяқ-қолының қысқалығына қарамастан, жүгіргенде алдына жан салмайтын. Аудандық жарыстарда қарсылас таппай, облыста да жүлдеге ілініп жүрді. Бірақ сол үміттер ақталмады. Тағдырдың жоспары мұның тәтті армандарымен мүлде қабыспаған екен. Мектеп бітіргеннен кейін-ақ жеңіл атлетика көзінен бұлбұл ұшып, қара жұмыстың ауыртпалығына тез бой үйреткен. «Ораза, намаз тоқтықта» дегендей, қу тірліктің соңынан салпақтаймын деп жүріп, спорттан мүлде жеріп кетті. Алайда араға жылдар салып сол спорттың өзін үлкен қатерден құтқаратынын сезбепті. Бір жарым жылын ұрлаған құлдық өмірден Сапарды (кейіпкеріміз аты-жөнін өзгертіп жазуымызды сұрады) желаяқтығы құтқарды, деп жазады altaynews.kz.
-Қарағанды облысының Жаңарқа ауданындағы Ақтау дейтін қыстақта мал баққызды. Алдыма мыңнан астам қой мен сиырды салып береді. Маған дейін қашпақ болғандардың ұмтылыстары сәтсіз аяқталғанын білетінмін. Сондықтан тыңғылықты дайындық қажет еді. Жарыс алдында дайындалғандай өзімді оншақты күн бойы баптаған болдым. Сүйекте қалған әдетті ояту қиын болмады. Тыныс жолым да ашылып шыға келді. Өзімнің әбден жарағанымды сезген кезде ғана тәуекелге бел будым. Аяқтарым алдамапты. Өзім құтылғаннан кейін қасымдағылардың туыстарына хабарладым. Қылмыстың беті солай ашылған, — деп еске алады Сапар.
Ол әуелі Өскеменнен Алматыға жұмыс іздеп барады. Онда да мұны күтіп тұрған жайлы жұмыс жоқ еді. Қарағандылық ағайындылар жерлесімізді сол жақтан 2014 жылдың күзінде шырғалап әкетіпті. Кино сценариіне бергісіз бұл оқиға арамызда жүрген жерлесіміздің басынан өтті дегенге сену қиын. Биылғы жылдың 25-қыркүйегінде ақырғы отырыс өтіп, Қарағанды соты бұл оқиғаға қатысты соңғы үкімін шығарды. Төрт бірдей жігітті құлдықта ұстаған шаруа қожалық иесі мен оның немерелес екі інісі бес-бес жылдан жазаларын алды. Жапа шегуші төртеудің бірі шығысқазақстандық екенін айттық. Қалған жігіттер де еліміздің әр тарабынан жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап келіп, қақпанға түскен екен. Бірін құрылысқа, бірін егіс науқанына қажетсің деп, түрлі айла-шарғымен алдап түсіргені сотта дәлелденді. Жерлесіміздің еңбекақысы да толығымен төленетін болды.
Айдаладағы қыстақта ақысыз мал баққан бейбақтардың көрмегені қалмапты. Павлодарлық жапа шегуші қыстақта азаптың не түрін көргенін айтады.
-Басында адамша айтып, босатуларын өтіндім. Бірақ олар: Не үшін үйге қайтасың? Қонар жерің, ішер тамағың бар, одан артық не керек» деп жекіп тастайтын. Сондағы тамақ дегендері борсыған ет пен ескірген азық-түлік. Еткен еңбегімізге бір тиын да беріп көрген жоқ. Қарсы шыққандарды таяққа жығатын. Мен екі рет қашпақ болып, оңбай жазаландым. Ағайындылардың тағы біреуі полиция киімімен жүретін. Оған айтсам, «сені сабаған мен емес қой» деген жауап берді, — дейді құлдықтың құрбаны.
Бұл іс бір жылдан астам уақытқа созылып, бірнеше сот отырысы өтіпті. Сол аралықта жапа шегушілердің төртеуі де құқық қорғау қызметкерлерінің қатаң қорғауында болған. Ал жәбірленушілердің құқығын қорғаған Шырын Әмірғалиева бұл іс Қарағанды облысы бойынша соңғы он жылда сотқа дейін жеткен алғашқы іс екенін айтады.
-Бұған дейін осыған ұқсас оқиғалардың барлығы сотқа жетпей жабылатын. Бәрінің себебі – қылмыстық құрамның болмауы, — дейді заңгер.
Ала жіпті аттамай, аттың тері мен адамның табан ақысын борыштың үлкені деп білген қазақ қоғамынан құлдық қылмыстың 21 ғасырда да қалмауы ойланарлық жайт. Қылмыстың мұндай түрі Шығыс Қазақстанда да бар. Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері адам саудасына қатысты үш оқиға анықталып, оның біреуі сотқа жолданыпты. Ал Ұлан ауданындағы атышулы оқиғаның соңы адам өліміне әкеп соққанын бүкіл ел естіді. Ұзынбұлақ ауылында шаруа қожалығын ұстайтын кәсіпкер Айыртаудың маңайынан үй-күйсіз адамды жолықтырып, оны жайлы жұмыс бар деген уәдемен, құлдықтың құрығына түсірген. Төрт жыл бойы кісі есігінде жүріп күнелткен бейбақ соққыдан көз жұмғаны дәлелденіп отыр. Адам еңбегін заңсыз пайдаланып, кісі өліміне себепкер болғаны үшін қожалық иесі он жылға бас бостандығынан айырылып тынды.
Жалпы елімізде адам саудасы мен оны заңсыз пайдалануға, жасыруға және еркінен тыс әкетуге қатысты Қылмыстық кодексте 128-бап бар. Осы бап бойынша жасаған әрекеттерінің ауырлығына қарай төрт бөлім бойынша жаза белгіленген. Жаза мерзімі үш жылдан 15 жылға дейін жетуі мүмкін. Барлық жағдайда айыпты деп танылған адамның мүлкі тәркіленеді.
Ішкі істер департаментінің дерегіне сенсек, адам еңбегін заңсыз пайдалану оқиғалары көбінесе ауылды жерлерде, шаруа қожалықтары мен жайылымдарда тіркелген. Соңғы бес жылда құлдыққа тұтылған азаматтардың ең жасы 25-те болса, ең үлкені 49 жаста болған. Олардың 75 пайызы ер адамдар.
-Құлдыққа көбінесе тұрақты жұмысы жоқ, тұрғылықты мекенжайы белгісіз адамдар түседі. Мұндай жағдайға ұрынбау үшін жұмыс ұсынған бөгде адамдарға сенбеу керек. Жұмыс керек болса, еңбек биржасына жүгініп, еңбек шартын жасаған жөн. Заңсыздықтың жолын кесу үшін «102» арнасына немесе «11616» сенім телефонына хабарласу қажет, — дейді ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы Бақытжан Торғаев.
Ал сот залынан арқадағы ауыр жүгі жеңілдеп шыққан Сапар енді туған өлкеден алыстап кетпеуге бекініпті.
-Адам ұрынайын десе табан астында екен. Бір жарым жыл уақытымның қорлықта өткенін ойласам, ішім удай ашиды. Ең бастысы, әділдік орнады. Өмірден ұмытпастай сабақ алдым. Бала кезімде спортпен айналысқанымның бір пайдасы тиді. Бәлкім құдай қаққан шығар. Енді табыс іздеп, алысқа қаңғырмаймын. Жақында отау құрмақпын, — дейді кейіпкеріміз.
Біреудің еңбегін ақысыз пайдаланғаннан қаныпезер жандардың қаншалықты байып кететіні бізге беймәлім. Бірақ обал деген дүние ешкімді алысқа жібермесі анық. Сапардың басынан өткен жағдай соған айқын дәлел.
Есімжан Нақтыбайұлы
Фото: altaynews.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript