Лента новостей
0

Астана пәтерлерінде қандала қаптады

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 27.09.2017 12:56 Zakon.kz
Департамент қызметкері қаладағы сауда орындары мен базар иелеріне де ескерту жасап отыр.
Астанада қандала көбейді. Дезинфекция жасайтын бір ғана мекеме күніне жүзге жуық пәтерді тазартады. "Жасырын" эпидемияның бір белгісі осы. Оншақты күн бұрын әлеуметтік желілердің бірінде "Астанада қандала қаптады" деген ақпарат пайда болды. Қолданушының қандала туралы жаза қалғаны сол екен, халық бұл тақырыпты іліп әкетті, деп жазады informburo.kz.

Жазбаны оқығандардың бірі қаланың ескі аудандарында қандала көп десе, екінші топ (соның ішінде жазба иесі – авт.) сол жағалаудағы қымбат үйлердің өзінен қандалаға бола көшіп жатырмыз деген пікір қалдырды.

Ең қызығы, бұл пікірталасқа қатысқандардың бәрі Астана пәтерлеріне қандала аймақ-аймақтан келген "квартиранттармен" бірге қаптады деп жорыпты. Бірақ, біздің анықтауымызша, олай емес болып шықты.

Аймақтан келген ағайын емес, керісінше Астанадан барғандар қазір Қазақстанның түкпір-түкпіріне, өзге қалалардағы үйлерге қандаланы таратып жатыр екен.

"Қандала неге ең алдымен Астанада пайда болды? Менің ойымша, Астана – мигранттар қаптап келген алғашқы қала. Астанада үнділер де, арабтар да бар. Олардың көбі құрылысшылар екені жасырын емес. Ал, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген халық қандаланың тез таралуына себеп болды.

Өйткені, Астанадағы пәтерлердің 60-70 пайызы жалға беріледі. Астанада не көп, жекеменшік жатақхана көп. Әрбір бесінші коттедждің жанында ұзын-ұзын жатақхана мен уақытша жай (времянка – авт.) бар. Ол жерлердің бәрінде санитарлық тазалық жоқ. Пәтер жалдаушылардың көбі қандала көрсе, басқа жаққа көшіп кетеді. Бірақ, қандаладан құтыла алмайды. Өйткені, киім-кешегі, көрпе-жастығының бәрінде жәндіктің ұясы бар".

Тағы бір өзекті мәселе бар. Әлеуметтік желіде көп адам жаңа жиһазбен бірге пәтеріне қандаланың да еріп келгенін жазып жатыр. Тіпті, жиһаз салондарының атын атап, түрін түстеп берген. Олардың арасында арзан базарлар ғана емес, бір жиһазы орта есеппен 500-700 мың теңге тұратын ірі дүкендер де бар. Ол сауда орындарына біз де хабарластық. Жолатқысы жоқ. Тіпті, жазсаңыздар, атымызға кір келтіргеніңіз үшін сотқа береміз дейді әкімшісі. Ал қандаламен күнде арпалысып жүрген Арнагүл Сәрсенбаева көптің күмәнін растайды.

"Менің ойымша, Астанадағы жиһаз сататын базарларды, дүкендерді, жиһаз жасайтын цехтарды жаппай тексеру керек. Дәл осы санитарлық жағдайын қатты тексеру керек. Атын атамай-ақ қояйын, жиһаз сататын ірі сауда орындары бізді шақыртып, қандаладан тазартқызған. Ал сол орындардан су жаңа жиһаз, матрас алған адамдар сыйлыққа қандаланы қосып әкетіп жүр", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

Қандала – өте қауіпті жәндік, – дейді департамент маманы. Бір пәтерде пайда болса, оның айналадағы үйлерге де лезде тарап кететінін де жоққа шығарған жоқ. Бірақ, ресми хатымызға жауап берген қаланың қоғамдық денсаулығын сақтау жөніндегі департамент эпидемия туралы сөз қозғамапты.

"Қандалаға қатысты арыз-шағым көбейгендіктен, қалалық департамент қандаланың өте қауіпті жәндік екенін және олар кез келген жерден жұғып кететінін еске салады. Үй лас па, таза ма, оған қарамайды. Тіпті, егер адам аяқ киімімен қандала бар үйге кіріп, шықса, табанына жабысқан қандала сіздің де үйіңізге кіріп кете алады. Қабырғалас екі көршінің біріне қандала "қонақтаса", екінші пәтерде де қандала бар деген сөз. Әлі бармаса, енді барады. Сондықтан, қандала көрсеңіз, ұялмай, көршілеріңізге барып ескертіңіз, сұраңыз, бәлкім сізге басқа пәтерден жұққан шығар", – дейді Нағима Шатаева.

Департамент қызметкері қаладағы сауда орындары мен базар иелеріне де ескерту жасап отыр. "Қандала үйге, басқа да қоғамдық орындарға жаппай тарап кетпеуі үшін пәтер иелерінің кооперативі, ЖШС-тер, сауда үйлерінің иелері, базардағы адамдар алдын ала дезинфекция жүргізіп алсын деген кеңес айтар едім. Есте сақтаңыз, қандаланы өздігіңізден өлтіре алмайсыз, сондықтан, тек химиялық улы құралдармен жұмыс істейтін мамандарды шақыртыңыз", – дейді Нағима Шатаева.

Үйде қандала барын қалай анықтауға болады?

Қандала бар деп күмәнданғанмен, ұясын табу қарапайым адам үшін қиын. Ал қандала болса, бірден көзге көріне қоятын жәндік емес. Табиғатта қандаланың 50 тұқымы, сол 50 тұқымнан тараған 40 000 түрі кездеседі.

Әрине, Қазақстанда бұл жәндіктің барлық түрі кездеспейді. Көбіне, "бақша қандаласы", "ауа қандаласы", "су қандаласы" бар. Ал, қалада, пәтерде кездесетін тұқымы – "көрпе қандаласы" деп аталады. Оның да жүзге тарта түрі бар.

Қандала жалпы түнгі сағат 03.00-тен таңғы сағат 06.00 аралығында шағады. Адамды өте тез шағып алады. Ұясынан шығып, адамның қанына «тою» үшін 20 минут жеткілікті. Қанға әбден тойған қандала үш күннен бастап бірнеше аптаға дейін ұйқыға кетеді.

"Міне, сондықтан, адам оларды жаппай ұстай алмайды. Адам болса, бір-екі қандала тауып өлтірген соң, құтылдым деп ойлайды. Олай емес, қаншама қандаланың ұйқыда жатқанын білмейді", – дейді Арнагүл Сәрсенбаева.

Фото: informburo.kz
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: