Дәрігерлер дабыл қақты: Арқа омыртқасы қисайған бала көбейді
Zakon.kz
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелер арасында да омыртқа жотасының қисаю жағдайлары жиілеп кеткен.
Дәрігерлер тағы да дабыл қақты. Ақ халаттылардың мәліметінше әрбір екінші баланың омыртқа жотасы қисайған. Оның 80 пайызының себебі белгісіз, деп хабарлайды Baq.kz.
Балалардың омыртқа жотасының қисаюы әсіресе мектеп оқушыларының арасында жиі кездеседі екен. Мамандардың айтуынша, бұл балалардың жас ерекшелігі мен бойының белсенді өсуімен байланысты. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда ата-аналардың басым көпшілігі ұл-қыздарының денесінің қисайғанына көңіл бөлмейді. Шын мәнінде омыртқа жотасының қисаюы – көптеген келеңсіздіктерге алып келуі мүмкін.
«Қисайған омыртқаны дер кезінде емдесе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Оның 1,2,3,4 деңгейі және ауыр түрі болады. Сондықтан, кінәратты ерте бастан анықтап, тиісті ем-шараларды қабылдаған жөн. Бұл ауру ұзақ емделуді қажет етеді. Сондықтан шыдамы жетпеген ата-аналар оны соңына дейін жеткізбей, тастап кетіп жатады. Бұл әриене дұрыс емес. Омыртқаның қисаюы ұлғая береді. Уақыт өте қисайған сүйек – жүрек, өкпе тағы басқа да ішкі ағзалардың жұмысына кері әсерін тигізіп, ауруға шалдықтырады. Сколиоз – консервативті түрде және операция жасау жолымен емделеді. Емдеудің екінші тәсілі аурудың ауыр түрлерінде қолданылады. Қазіргі кезде сколиоздың 1-ші және 2-ші деңгейлері көп тараған», - дейді дейді Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының жарақат және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Борис Гончаров.
Петропавл қаласының тұрғыны Арайлым Әбілмәжінованың 7 жасар ұлы Шерханға да дәрігерлер «арқа омыртқасы қисаюының 2-ші деңгейі» деген диагноз қойыпты. Анасы ұлын дәрігердің нұсқауы бойынша емдеп жүргендігін айтады.
«Мектеп мейірбикесі баламды ортопед дәрігерге көрсетуге кеңес берді. Бұған дейін Шерхан арқасының ауыратынын айтып шағымданатын. Ерке болған соң, өзіне назар аударту мақсатында осындай әрекетке баратын шығар деп ойлап, аса мән бермейтінмін. Ортопед баламның арқа омыртқасының қисайғанын айтқанда өзім таңғалдым. Көзге айқын көрініп тұрса да, ешқашан байқамаппын. Емделіп жүргенімізге 6 ай болды. Омыртқаны түзетуге арналған корсет киіп жүреміз, массаж аламыз, арнайы жаттығуларды орындаймыз. Баланың денесінің қисаюына көп оқулықтың да әсері болды ма деп ойлаймын. Қолым тигенде мектепке өзім апарамын. Шынын айтсам, қазіргі оқушылардың сөмкесін көтеріп жүру – ересек адамға да оңай емес. Бірақ басқа амал жоқ», - дейді Арайлым Әбілмәжінова.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестелер арасында да омыртқа жотасының қисаю жағдайлары жиілеп кеткен. Мамандар бұл жағымсыз құбылыстың сыры әзірге белгісіз екенін алға тартты.
Эльмира Кәленова
Фото: lechuspinu.ru
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript