Екібастұздық шенеунік Моңғолиядан келген 31 адамға заңсыз жер телімдерін ұсынған
Zakon.kz
Жер телімін алып, электр жүйесіне қосу өте қиын екені белгілі.
Екібастұз қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Ғабдолла Шорманов өзінің қызметтік бабын пайдаланып, Моңғолиядан келген 31 адамға заңсыз жер телімдерін ұсынған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Павлодар облысы бойынша департаменті тергеу басқармасының басшысы Руслан Қуатов мәлім етті.
- Ғабдолла Шорманов биылғы жылы шілде айында 2 жыл 7 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, - дейді Руслан Қуатов.
- Жер телімінің нақты құны екі миллион теңгеден басталады. Нәтижесінде 200 миллион теңге, іс жүзінде 30 миллион теңге шығын келтірген. Ол бұл соманы толық көлемде өтеді. Тұтас бір шағын ауданға қоныстанған азаматтар өз қаржыларына үй тұрғызып, жеке кәсіптерін бастаған. Бұл жерде олар кінәлі емес. Егер де салынған үйлер қолданыстағы заңға қайшы келмейтін болса, арнайы жұмыс тобы мен мемлекеттік органдар жылжымайтын мүлікті жекешелендіру бойынша шара қолданады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Павлодар облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Ернар Байқоңырдың айтуынша, аталмыш фактіге қатысы бар екінші тұлға – Дәкенай Бақыт.
Ол да 2 жыл үш айға жауапкершіліке тартылған. Жұмыссыз жүрген азамат шамамен 200 мың теңгенің 10 пайызын өзіне қалдырса, қалған 90 пайызын Ғабдолла Шормановқа жеткізіп отырған. - Ғабдолла Шорманов мемлекетке тиесілі жер учаскелерін заңсыз ұсыну бойынша арнайы жоспар құрған. Ол Баян Өлгейден келген этникалық қазақтарға өзін билік өкілі, әкімдіктің қызметкері ретінде таныстырып, ресми құжаттар ұсынуға құқы бар екенін айтқан. Әрі қарай коммуникация жүйелері мен жарық өткізуге көмектескен. Бұған қоса, «Су арнасына» телефон шалып келісіп, шаруаны тыңдырып отырған.
Жер телімін алып, электр жүйесіне қосу өте қиын екені белгілі. Алайда ол осы құжаттардың барлығын жасап, қалалық электр жүйесіне тапсырған. Қылмыстық істі тергеу барысында Шормановтың үйдегі компьютерде құжаттарды жасағаны анықталған. Ол лауазымды тұлғаларының қолтаңбасын сканерден өткізіп, құжаттарға қойған, - дейді Ернар Байқоңыр.
Десе де, 2011 жылдан бастап айласын асырып келген шенеуніктің әрекеті «Қалалық электр жүйесі» ЖШС-не бара жатқан кезде әшкере болған. Шорманов жол апатына ұшырағаннан кейін қасындағы адамға құжаттарды тапсыруға мәжбүр болған. Зардап шегуші осы сәтті пайдаланып, көшірмесін өзіне алып қалған.
Себебі, бұған дейін оның түрлі сылтау айтып, құжаттарды жер телімін алған тұрғындардың ешқайсысына ұстатпауы күмән тудырып келген. Әрі қарай тексере бастағанда уәкілетті органдардың мамандары жер учаскесі заң аясында тіркелмегенін айтқан. Бұл жер учаскелері қаланың бас жоспарына енгізіліп, кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үй салуға арналған.
- Қазіргі таңда осы жағдай бойынша жұмыс жүргізілуде. Техникалық сараптама қорытындысы құрылыс нормаларына сәйкес келсе және ешбір қауіп төндірмесе, жекешелендіру құқығы беріледі. Тергеу барысында Екібастұз қаласының сотымен үш зардап шегуші өз учаскелерін сотпен жекешелендірген. Ғабдолла Шорманов 59 жылы дүниеге келген. Ол ТҮКШ, жер қатынастары бөлімі, Ақтоғай ауданының әкімдігінде ұзақ жылдар жұмыс істеген. Моңғолиядан келген қандастарымыздың көшін бастаған азаматтардың қатарында болған. Жерді ретімен бөлуді жақсы білген. Сондықтан да оның әрекеті ешкімнің күмәнін тудырмаған, - дейді Ернар Байқоңыр.
Ақбота Сейсенбаева
Фото: egemen.kz
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript